Елімізде ислам діні бойынша республикалық деңгейде тіркеліп, қызмет ететін бірден-бір діни бірлестік – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы екені баршаға мәлім. Дегенмен, ресми тіркелместен әрекет етіп отырған дәстүрлі емес ислам бағытындағы ағымдар да жоқ емес. Олар халық арасында жасырын үгіт-насихат жүргізіп, өз идеологиясын ел арасында таратып жүр.
Осы тұста айта кетейік, біздің ел зайырлы мемлекет болғандықтан ресми тіркелген діни ағымдар өз жұмысын жүргізе алады. Бірақ тіркеуден өтпеген және деструктивті сипатқа ие ағымдардың көлеңкелі, жасырын әдіске салып жұмыс жүргізетіндері де жоқ емес. Сондай ағымдардың бірі – салафилік идеологияны ұстанған жамағаттар, яғни псевдосалафизм өкілдері.
Бұл идеологияны ұстанушылардың басты мақсаты – тек ислам шариғатына негізделген мемлекет құрып, демократияға негізделген зайырлы мемлекеттік құрылымдарды жоюды көздейді.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков жақында осы салафизм ағымына қатысты пікір білдіріп, оның қандай да бір құрылым, ұйым емес, идеология екендігін айтқан болатын.
"Біз бұл мәселені зерттедік және қоғамда пікірталастар жалғасуда. Салафизм террористік құрылым немесе ұйымнан гөрі идеология, идея, ой. Хизб ут-Тахрир, Таблиғи жамағат секілді ұйымдардың орталықтары, құрылымдары бар. Ал салафизм – бұл көзқарас, идея, жеке ағым", – деген еді Н.Білісбеков.
Соған орай біз салафизмнің нақты қандай ағым екенін, оның неден бастау алатынын білу мақсатымен Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы Кеңес беру және оңалту орталығының дінтанушы маманы Назерке Жетпісбаймен сөйлескенбіз.
"Салафизм ең алғаш XIII ғасырда Ибн Таимияның негізгі доктриналық идеологиясынан бастау алған. Оған әхли сунна уәл жамағат ғалымдары қарсы шығып, оның негізгі көзқарастарының дұрыс еместігін айтып, ескерту жасайды. XVIII ғасырда Сауд Арабиясының Нәжд деген қаласында дүниеге келген Мұхаммед ибн әбдул Уаһаб біз жоғарыда айтқан Ибн Таимияның көзқарасын жалғастырып, өзінің артынан ергендерді уаһабшылар дейді. Бірақ оның көзқарасы өз заманында көп ешкімнен қолдау таппады", – дейді теолог.
Осы тұста айта кетсек, біздің елде де 2013-2014 жылдары бұл ағым уаһабизм, ал оны ұстанушыларды уаһабист деп атап келді.
"Олар көп елден қолдау таппай, өз идеологияларын жүргізе алмаған соң өздерінің аттарын «сәләфтармыз» деп өзгертеді. Неге? Себебі, сәләфтар пайғамбарымыздың кезеңінде өмір сүрген алғашқы үш буын. Яғни сахабалар, табиғиндер және әтбағут табиғиндер. Бұлардың барлығы діннің ең алғашқы таза кезеңінде өмір сүрушілер. Сәләфтар – алдыңғы буын дегенді білдіреді. Ал уаһабшылар өздерін алдыңғы буынның артынан ерушілерміз деп жариялады. Осы тұста ерекше бір көңіл аударатын бір жайт, ол бүгінгі псевдосәләфизм өкілдері мен пайғамбарымыздың заманындағы сәләфтарды шатастырмау керек", – дейді маман.
Яғни, діннің атын жамылып, бір отбасының адамдарын ғана араздастырып қоймай, тұтас бір мемлекетті шайқалтуды көздейтін арамниетті идеология өкілдерін ғылыми тілде де, дінтанушылар мен теологтар болсын, тіпті халық арасында да псевдосалафиттер деп айту қалыптасқан. Егер «псевдо» сөзін грек тілінен аударар болсақ, жалған деген мағына береді.
Теологтың айтуынша бүгінгі псевдосалафизм идеология болып есептеледі. Олар кейінгі кезде тіпті өздерін біз уаһаббист емес, сәләфпіз дейтін болған. Жоғарыда аталған Оңалту орталығына келушілердің арасында «бізді уаһабистпен шатастырмаңыздар, олар адасқан, біз адаспағанбыз» деп айтатындар да бар көрінеді.
"Жаңалықтардан хабардар адамдар біледі, өздерін сәләф жариялағандардың көбі соңында террорист болып шықты. Еш ойланбастан қолын қанға бояп, өз қазағын, бауырын өлтіре салды. Осыдан байқағанымыздай псевдосәләф күні ертең террор жасап, террорист болып шыға келуі әбден мүмкін", – дейді дінтанушы.
Еліміздің жер асты небір қазба байлықтарға, мұнайға бай екенін бәрі біледі. Айталық, Менделеевтің кестесіндегі табиғи минералдардың басым көпшілігі бізде жатыр. Сондықтан бұл идеологияны таратушылардың көздеген негізгі мақсаты – байлыққа қолжеткізу дегенді айтып жүрген белгілі дінтанушылар да бар.
"Бұл ағым дінді ақылмен түсінуе болмайды деген негізгі түсінікті ұстанады. Яғни қалай жазылды, солай қабылдау керек деп көп нәрсені сыртқы жағымен түсінеді. Ал Құрандағы аяттар мен хадистерде «ой жүгіртпейсіңдер ме, зер салмайсыңдар ма, ақылды қолданбайсыңдар ма» деген сөйлемдер бар. Олар белгілі бір идеологияны ғана жақтайтындықтан, Құранда анық жазылған нәрсенің негізгі мәніне терең бойлай алмайды, білмейді", – дейді Н.Жетпісбай.
2015 – 2017 жылдары бұлардың қауғадай сақалдары мен қысқа балақ, қара киінгендеріне қарап-ақ псевдосәләф екендіктерін оңай ажыратуға болатын.
"Бірақ соңғы екі жылдың ішінде оларды сырт келбетіне қарап ажырату мүмкін емес болып кетті. Өйткені, олар түр келбетін дәстүрлі мұсылманның келбетіне өзгертіп, қойдың терісін жамылған қасқырға айналып шыға келді. Тіпті, дінтанушы мамандардың қоятын әрбір сұрақтарына да жауап дайындап алған. Өкініше қарай, қазір псевдосәләфтарды арнайы дін мамандары ғана ажырата алатындай жағдайға жетті", – дейді дінтанушы.
Есіңізде болсын, егер дастархан басында, той-томалақ пен баланы қырқынан шығару, келін түсіру секілді жиын-тойларда бір адамдар келіннің иіліп сәлем салуы, баланы қырқынан шығару дұрыс емес, шілдехана-бесіктой ширк, адам қайтыс болған соң оған Құран оқу да дұрыс емес деп өздерінің ұстанымын айтып қалса, міне бұлар псевдосалафизм ағымын ұстанушылар деп біліңіз.
"Бұлардың қоғамға қауіптілігі өте жоғары. Олар әлеуметтік, діни тұрғыдан болсын ұлттық алауыздық тудырып, ұлттық құндылықтарды жоққа шығару, зайырлы мемлекетті құлату арқылы шариғат үстемдік ететін мемлекет орнатуды көксейді. Олар әдет-ғұрып, салт-дәстүрді мойындамайды. Ата-бабамыздың ұстанған салт-дәстүрін теріске шығару ертең еліміздің жойылып, ұлттық құндылықтарымыздың жоғалып кетуіне әкелуі мүмкін. Кейінгі кезде жастарымыз осы идеологияның арбауына түсіп қалуда. Ертең олар өз балаларына да білімді псевдосалафизм идеологиясының шеңберінде беретінін ескерсек, олардың саны арта береді деген сөз. Басты қауіп осында жатыр", – дейді Н.Жетпісбай.
Бір кездері осы идеологияның әсерімен «намаз оқымайтын әке-шешемен бір үстелде отырмаймын, жеті шелпекке Құран оқымайды» деген соқыр сенімге бой алдырған жастардың кесірінен қаншама отбасының берекесі қашты. «Көрмегенім осы бала болсын» деп қарттар үйіне кеткен қарияларымыз да бар. Ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас үзіліп, отбасындағы ұйымшылдық пен берекеге сызат түсуде.
Талақ мәселесі де осы ағыммен байланысты. Соның кесірінен жетімдер саны артуда. Сондықтан бұл идеология еліміздің ертеңі, отбасы институты үшін өте қауіпті.
Бұл ағымның басында қандай адамдар тұр, бұл ағымды кімдер уағыздаған еді десеңіз, біле жүріңіз, – олар Дарын, Ділмұрат, Назаратулла, Октам, Сайд Бруятский, Надир Обу Халид, Әбу Яхъя Крымский, Абу Умар Саситлинский және т.б. Бұл адамдардың бірқатар уағыздарын тыңдауға және кітаптарын оқуға Қазақстанда тыйым салынған. Бұлар – псевдосалафизм ағымын жақтаушылар. Мәселен, Ділмұраттың уағыздарына діни сараптама жасала келе, әлеуметтік, ұлттық, діни алауыздықты қоздыру және терроризмді насихаттау деген негізгі баптар бойынша сотталып, ол 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сондықтан дінге қатысты кез келген мәлімет пен үгіт-насихат, уағызға көзсіз сенуден сақ болыңыз. Екі қарап, бір шоқыған секілді сергек болсаңыз ғана өзіңізді деструктивті ағымның қаупінен сақтай аласыз.