24.07.2014, 03:15

Ақтөбеліктер Мирзоян көшесінің атауын өзгертуді талап етті

Сурет: ktk.kz

Левон Мирзоян көшесінің атауын өзгертуді ақтөбеліктер де талап етуде, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Қазақстанды 1930-шы жылдардың аяғында басқарған, әрі «Қызыл террорды» ұйымдастыруда белсене қатысқан большевиктер көсемінің бірінің атында қазір даңғыл көше бар. Сондай-ақ қаланың қақ ортасындағы ескерткіш те сол күйі қасқайып тұр.

Ақтөбе тұрғындары мен жергілікті белсенділер талай боздақтың өліміне себепші болған адамды ұлықтаудың керегі жоқ деп санайды. Енді олар өтініштерін жергілікті ономастикалық комиссияға тапсырмақшы.

Ақтөбеде Левон Мирзоянның кім екенін білмейтіндер көп. Тіпті, оның есімі берілген көше тұрғындарының өздері бұл сұраққа жөнді жауап бере алмайды.

Қуғын-сүргін кезінде ұлттың ұлыларын қыруға белсене араласқан большевик ескерткішінің қасқайып әлі тұруы оның жақсылығы емес, Ақтөбе билігінің енжарлығы деп түсінген дұрыс шығар бұл ретте. Әйтпесе Қазақстанды 30-шы жылдардың аяғында басқарған Левон Мирзоянның кесірінен мыңдаған адамның жазықсыз атылғаны тарихи құжаттармен айғақталған. Тіпті масқара қылғанда, Мирзоян ескерткіші Кеңес кезінде емес, тәуілсіздіктің алғашқы жылдарында қойылғанын айта кетейік.

― Біз келер ұрпақты адастырмау үшін, әрекет жасауымыз керек. Бұл біздің аға ұрпақтың міндеті. Мирзоянның ескерткішін алып тастайық немесе көшесін басқаша атайық деп жүрген істің барлығы дұрыс, ― дейді философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов.

― Қаланың қақ ортасындағы Левон Мизоянға арналған мына ескерткіш осыдан 16 жыл бұрын орнатылған. Ол кезде оның жүз жылдық мерейтойы Ақтөбеде кеңінен атап өткен еді, ― деп толықтырды ол.

Енді жергілікті ғалымдар мен қоғамдық ұйым өкілдері көшеден Мирзоянның есімін алып қана қоймай, осы ескерткішті де жоқ қылуды сұрап отыр. Олардың бұл талабын жергілікті мәслихаттан жалғыз депутат қана қолдапты. Қалған халық қалаулылары үнсіз қалуды жөн санаған.

― Мен қаланың депутатарына, облыстық депутаттарына пікір білу жайында ниетімді жазғанмын. Бірде бір олардан сауал ала алмадым. Бүгінгі таңда бір жарым айдан астам уақыт өтіп кетті. Соған қарағанда қолдау табылмады деп есептеймін, ― деді Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Асқар Садықов.

Депутатар бұғып қалғанымен жергілікті белсенділер енді өз өтініштерін ономастикалық комиссияға табыстамақшы. Көше атауын өзгерту мен ескерткішке қатысты мәселені енді солар шешуі мүмкін.