Қытай азаматы Қазақстанда заңсыз кәсіппен айналысып қана қоймай, өз елінен тағы 150 адамды елімізге заңсыз алып келіп, оларды жұмыспен қамтыған. Бұл туралы Алматы қаласының көлік прокуратурасы мәлімдеді.
ҚХР азаматы Чжен Ренне "Тұлпар Инвест Плюс" ЖШС-нің шақыртуымен Алматыға келген. Компания басшылары оған виза алып, көші-қон полициясына тіркелуге көмектесіпті. Алайда, тексеру кезінде қытайлық азаматтың аталған компанияда жұмыс істемегені анықталды. Белгілі болғандай, ол өзінің жеке кәсібін ашып алған екен. Атап айтқанда, "Канас Индустрия" деген атаумен ЖШС ашып, құрылыс материалдарын шығарумен айналысқан. Тәртіп сақшылары оның заңсыз әрекетін әшкере етіп, әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сондай-ақ, тексеру кезінде Чжен Ренненің өзге де былығының беті ашылды. Ол 2015 жылдың мамыр айынан бастап 2016 жылдың ақпан айы аралығында Қытайдан 150-ден астам азаматты Қазақстанға заңсыз алып келіп, оларды жұмыспен қамтыған. Чженнің үстінен енді "Заңсыз көші-қон ұйымдастырды" деген айыппен қылмыстық іс қозғалды.