Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев құс тұмауының адамға әсері туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz.
Сұлтанғазиевтің сөзінше, ауру адамнан адамға жұқпайды. Алайда құстан адамға жұғуы мүмкін. Бірақ елімізде ондай жағдай тіркелмеген.
"Вирус адамнан адамға жұқпайды. Адамдардың құстардан жұқтыру жағдайы да өте аз кездеседі. Мұндай жағдай тек қана ауру құспен тікелей байланысқа түскен кезде ғана орын алуы мүмкін. Құс өнімдерінен тұмаудың берілуі тіркелмеген. Адамдар арасында құс тұмауын жұқтырғандар жоқ", - дейді Сұлтанғазиев.
Тұмау жұқтырған құстармен қарым-қатынаста болған адамдар медицина қызметкерлерінің бақылауында.
"Қазіргі таңда құс фабрикасында жұмыс істеп, құстармен тығыз байланыста болған 400-ге жуық адам анықталды. Барлығы медициналық бақылауда. Қазақстан аумағында құс тұмауы тіркелгелі бері құс өнімдерін тексеру қатаңдатылды", - дейді Тимур Сұлтанғазиев.
Еске салсақ, осыған дейін құс тұмауы Қазақстанның 5 облысында құстар өліп жатыр.