Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында Қызылордадағы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №7, №15, №2, №6, №8 кітапханалардың оқырмандары арасында конференция өтті. ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылған шарада «Бір ел – бір кітап 2020» акциясы бойынша оқуға ұсынылған Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романының мазмұны баяндалды.
«Бір ел – бір кітап» акциясының негізгі мақсаты – жастарды адамгершілікке баулу, ана тілімізге мұқият қарауға, оқу мәдениетін қолдау мен дамытуға, сауаттылықты арттыруға, рухани мұраны сақтауға жәрдемдесу болып табылады. Осы орайда конференция барысында әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің жастық шағы, Әл-Фарабидің сапары, жолаушылардың қызықты хикаялары жөнінде тарқатып айтуды жөн көрдік», - деді шараны ұйымдастырушылар.
Кітапсүйер қауым бас қосқан онлайн конференцияда «Ұстаздың оралуы» романындағы Әл-Фарабидің Шам, Бағдат елдеріне сапары, ғылым жолындағы таңды таңға ұрып оқыған ізденісі сөз болды. Күндізгі уақытта жеміс ағаштарына қарап, бағбандықпен айналысқан Әл-Фарабидің түні бойы математикалық есептерді шығарып, оны теориялық білімге салып отырғанында таңның қалай атқанын байқамай қалған сәттерінің ғылымға деген ерекше сүйіспеншілігінен екенін жеткізді шараға қатысушылар.
«Романның бірінші тарауында Әл-Фарабидің балалық шағынан жігіттік шаққа өткен кезеңі суреттеледі. Оның Шам шаһарының бегімі Бану есімді қызға ғашық болғандығы баяндалады. Әл-Фараби мен Банудың арасындағы махаббатты сезген бегімнің әкесі жігіт пен қызды қамауға алады. Оқиға өте қызықты етіп берілген», - деп №6 кітапхана оқырманы, ұстаз Ақтоты Өтешова бірінші тарау бойынша қысқаша баяндап өтті.
Ал, романның екінші тарауы бойынша №15 кітапхана оқырманы Низаматдин Ақарыс айтып берді. Ол екінші тарауда Әл-Фарабидің жанындағы Зухейр, Хасан, Санжар есімді серіктері туралы, Бұқарадан жолға шыққан сәтінде жоғалтып алған өзінің кітабын қайта тауып қуанғаны жөнінде жазылғандығы жайлы айтты.
Одан әрі №2 кітапхана оқырманы Рахат Құлжұмыр шығарманың үшінші тарауы жайлы мазмұнды мәлімет берді. Онда Әл-Фарабидің әкесінен айырылғандығы, сол сәттерде достарының одан теріс айналғандығы жөнінде әсерлі етіп баяндалғанын жеткізді. Сонымен қатар, бұл тарауда Әл-Фарабидің «Қыпшақ» деп аталатын музыкалық аспап ойлап шығарғандығын айтты жас оқырман.
Романның соңғы тарауларындағы оқиғалар туралы №8 кітапхана оқырманы Динара Әбжанова тарқатып айтып берді. Бұл тарауларда ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің кемелденген шағы туралы жазылған.