$ 494.87  520.65  4.91

Алтын Орда – 750: Тарих пен тағылым

Өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлы даладағы тарихи оқиғалар туралы мәлімет беру «Алтын Орда: тарих пен тағылым» деп аталған шолудың негізгі мақсаты болды.

Ұлық ұлыс Алтын Орданың 750 жылдығына орай Қызылорда облысы, Арал ауданындағы қалалық балалар кітапханасының ұжымы оқырмандарға арнап әдеби шолу ұсынды. Өскелең ұрпаққа ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлы даладағы тарихи оқиғалар туралы мәлімет беру «Алтын Орда: тарих пен тағылым» деп аталған шолудың негізгі мақсаты болды.

«Ел тарихын насихаттап, жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру – біздің борышымыз. Осы орайда елдігіміз үшін маңызы зор Алтын Орда жайлы мағлұмат беруді жөн көрдік. Сонау 1269 жылы Талас құрылтайында дербестігі толық мойындалған Алтын Орда империясы жайлы әрбір қазақ баласы білуі тиіс. Жошы ұлдары Бату хан негізін қалап, Берке хан іргесін бекіткен Алтын Орда Мөңке Темірдің тұсында 1269 жылы Талас өзенінің бойына шақырылған Шыңғыс ұрпақтарының құрылтайында бір-бірімен татулықты сақтай отырып, өз ұлыстарында тәуелсіз саясат жүргізуге өзара мәміле жасасып, дербес империя екенін толық мойындатуға қол жеткізді», - деді әдеби шолуды ұйымдастырушылар.

Виртуалды шолу барысында Алтын Орда тарихымен байланысты бірқатар кітаптар тізімі ұсынылды. Мәселен, ортағасырлық түркі және парсы қолжазбаларын талай жыл сарылып зерттеген аса көрнекті шығыстанушы, тарихшы Тұрсын Сұлтановтың «Алтын Орда: Еуразия даласындағы Шыңғыс хан ұрпақтарының мемлекеті» атты кітапбында қуатты Алтын Орда тарихы кеңінен баяндалады. Ал, көркемсуретті «Қазақстан балалар энциклопедиясы» жасөспірімдерді тарихымызбен таныстыратын бірден-бір кітап. Энциклопедияға енген «Алтын Орда» бөлімінде Орталық Азиядағы 9-12 ғасырлар аралығындағы қоғамдық-саяси жағдай, тарихи тұлғалардың өмір жолдары мен атқарған істері тарқатып жазылған. Одан әрі Алтын Ордада билік құрған барлық хандардың өмірі мен қызметіне қатысты мәліметтер жинақталған «Отан тарихы» топтамасы бойынша «Адамар» баспасынан шыққан «Алтын Орда хандары» атты кітап туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар, бұл кітаптан Шыңғыс хан мен оның жорықтары, Алтын Орданың құрылуы, онда билік жүргізген әмірлер жайлы көптеген қосымша ақпараттар алуға болатынын жеткізді балалар кітапханасының мамандары.

«Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Қазақтар кешегі Алтын Орданың тікелей мұрагері» - деген болатын. Дәлірек айтсақ, Алтын Орда мен Жошы хан тақырыбына оралу біріншіден, қазақтың төл тарихын зерттеудің жаңа дәуіріне қадам басу. Екіншіден, бұрын көрсек те, көзіміз үйреніп кеткен, көкейімізде айқайлап тұрса да айта алмай келген, көрші елдерде кездеспейтін аса бай ұлттық тарихи мұраларымызды өркениет тұрғысынан бағалай білуіміз керек», - дей отырып, оқырмандарға Алтын Орда тарихымен байланысты ұсынылған кітаптарды оқуға кеңес берілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алтын Орда