$ 494.87  520.65  4.91

Әл-Фараби музыка туралы зерттеуінде математикалық тәсілдерді қолданды

Әл-Фарабидің музыка саласындағы зерттеу жұмыстарын жүргізуіне ойшылдың өзі айтқанындай уәзірдің түсінуі жеңіл, барлығына қолайлы музыка жайында кітап жазып шығу өтініші негізгі импульс болып жігерлендірген
фото: kazislam.kz
фото: kazislam.kz

Шығыс ғұламасы Әбу Насыр әл-Фарабидің музыка жайындағы «Ырғақтың жіктелуі туралы кітап», «Қосымшалардың ырғақтарға қосылуы туралы кітап», «Музыка туралы кітап» атты еңбектері бар. Әл-Фарабиді дүние жүзіне танытқан музыка теориясына арналған «Музыканың үлкен кітабы» деп аталатын еңбегі еді. Ойшыл бұл еңбегінде математикалық тәсілдерді пайдалану арқылы музыкалық дыбыстарды тұңғыш рет қағаз бетіне түсірді. Әл-Фараби тек музыка теориясын зерттеп қоймай, музыкалық аспаптарды да қолдан жасап, керемет ойнай білген. Осы орайда Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына орай Сыр өңіріндегі №9 Ақжарма ауылдық кітапханасы «Әл-Фараби және музыка» атты онлайн өнер сағатын өткізді. Кітапхана тарапынан ұсынылған танымдық материалда ойшылдың музыка жайлы еңбектерімен кеңінен таныстырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Музыка – адамның сырлы сезімдерін, ішкі жан-дүниесін қозғайды. Музыка мәдениеттің жоғарғы сатысында тұрады. Әл-Фарабидің музыкасы қарапайым халық өмірі үшін көңіл жұбату болса, зәулім сарайларда бал татыған шекер болған. 
 
«Музыка өнердің барлық белгілі формасынан асып түсті. Әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабы» Әбу Жағфар Мұхаммед ибн әл-Қасим әл-Кирши уәзірдің өтінішімен жазылды. Егер музыка орта ғасыр қоғамында ерекше орынға ие болмағанда, ол көп қырлы, әрі терең зерттелмес еді деген ой туады. 

Әл-Фараби уәзірдің белгілеп берген тақырыбын ұқыпты, адал, мұқият зерттеп қана қойған жоқ, керісінше музыкалық өнермен байланыстыра отырып, Шығыс халықтары аспаптарының энциклопедиясын жасаған. Әл-Фарабидің музыка саласындағы зерттеу жұмыстарын жүргізуіне ойшылдың өзі айтқанындай уәзірдің түсінуі жеңіл, барлығына қолайлы музыка жайында кітап жазып шығу өтініші негізгі импульс болып жігерлендірген. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ғұлама өз қағидасын ұстана отырып, музыка туралы ежелгі ойшылдардың, әсіресе антикалық классиктердің, олардың ізбасарларының ойларымен танысып шығу ниетін ұстанған. 

Әл-Фараби басқа ғалымдардың еңбектерін зерттеу арқылы музыкадағы барлық мәселелердің толық шешілмегенін анықтаған. Ал, музыка туралы таныстыратын теориялар болса, бір-бірімен байланыста болмаған. Яғни, олар Әл-Фарабидің ұстанымдарын қанағаттандырмады. Нәтижесінде мәдениеттің феномені ретіндегі музыканың мүшкіл күйі Әл-Фарабидің музыка туралы кітап жазуына алып келді», - деп ақпарат берілді өнер сағатында. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#әлФараби