Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Қызылордада «Етемін үміт жастардан» атты облыстық мәнерлеп оқу шеберлерінің байқауы өтті. Аталған байқауға Сыр жастары белсене атсалысты.
Ұлы ақынның мұрасын насихаттап, жастардың санасына сіңіру мақсатында ұйымдастырылған байқауға қатысқан жастар Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқыды.
Байқауды өткізуге облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары ұйытқы болды.
Байқау нәтижесі бойынша Арал ауданының тұрғыны Салтанат Жаңабаева бас жүлде иегері атанды. Қатысушы «Ауру жүрек ақырын соғады жәй» өлеңін оқып, көпшілікті тәнті еткен болатын. Ал, байқаудың І орны Қармақшы ауданының қатысушысы Шерхан Кәрібаевқа берілді. Ол хакім Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңін ерекше қоңыр үнімен оқып, тыңдармандарды таң қалдырды. Сырдария ауданынан қатысқан Ақниет Базарбаева болса Абайдың «Ішім өлген сыртым сау» өлеңін оқып, ІІ орын иегері атанды. Думан Сәбитов есімді Шиелі ауданынан қатысқан өнерлі жас ІІІ орынға ие болды.
Қатысушы Абай Құнанбайұлының «Жүректе қайрат болмаса» өлеңін оқып берген еді. Сонымен қатар, Сырдариялық Інжу Дүйсенғалиеваға да ІІІ орын берілді. Ол байқауда бас ақынның «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңін оқыды. Абайдың оныншы қара сөзін оқыған Қазалы ауданының қатысушысы Назерке Өмірзақ та ІІІ орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, мәнерлеп оқу байқауында үздік өнер көрсеткен жастарға арнайы алғыс хаттар берілді.