Bek Air әуе компаниясы өз брендін жаңарту жұмыстарына кірісіп кетті деп жазады Informburo.kz. Компания ұшақтары бұдан былай "Халық Эйр" деген брендпен ұшатын болады. Аталған мәліметті компания басшысы Нұрлан Жұмасұлтановтың өзі растап отыр.
Бренд атауы өзгергенімен компанияның заңды атауы өзгеріссіз қала бермек.
«Біздің ұран - "Халыққа арналған әуе компаниясы". Яғни, осы ұранды өз брендімізге айналдырып отырмыз. Ең бастысы - халықтың көңілінен шығу», - деп атап өтті Жұмасұлтанов.
Оның айтуынша, брендті жаңарту жұмыстары бірер күнде бітетін шаруа емес. Енді компанияға тиесілі ұшақтардың бүйіріне түгел Halyk Air деген жазу жазылады. Сондай-ақ, жаңа домен сатып алып, компанияның сайтын жаңартып шығу керек.
«Өзгерістерді жаймен жүргіземіз. Халық ақырындап үйрене беруі керек. Ұшақтарды онсыз да тұрақты түрде бояп отырамыз, бүйіріне жаңа жазба жазу қиын емес», - дейді компания төрағасы.
Естеріңізге салайық, биыл наурызда Bek Аir компаниясының ұшағы Астана әуежайына апатты жағдайда қонған болатын. Лайнердің алдыңғы шассиі шықпай қалып, пилоттардың тәжірибелігінің арқасында төтенше жағдай орын алған жоқ. Ұшақта болған 121 адамның бәрі аман. Нәтижесінде 7 мамыр күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұшқыш Дмитрий Родинге мемлекеттік награда табыстады.