Құс тұмауының өршу себептеріне, тиісті ветеринарлық іс-шаралардың орындалуына жан-жақты тексеру жүргізу қажет. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге жолданған сенатор Дүйсенғазы Мусиннің депутаттық сауалында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат сайты.
«Бүгінде Қазақстанда белең алып отырған құс тұмауының таралуы үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл індеттің экономикалық залалы өте үлкен. Оның салдары тек үй құстарының иелеріне ғана емес, мемлекет тарапынан да қатаң карантиндік және ветеринариялық-санитариялық іс-шараларды жүргізуді енгізуге, соның ішінде ауру құстарды жоюға және де оларды жаппай вакцинациялауға мәжбүр етеді, құс иелеріне өтемақы беру мәселелері мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсіретіні анық.
Аул шаруашылығы министрлігінің соңғы мәліметтері бойынша, Қазақстанның бірнеше өңірінің 117 елді мекенінде аталған індеттен 576 мың бас әр түрлі құстар қырылған. Ал, Қазақстан құс өсірушілер одағының мәліметтері бойынша, құс тұмауының салдарынан құстардың өлімі Солтүстік Қазақстан облысында екі құс фабрикасында 768,8 мың бас және Қостанай облысында бір құс фабрикасында 360 мың басты құрайды. Яғни тек үш құс фабрикасында қырылған құстың саны 1 млн 128 мыңнан асып отыр», - деді сенатор.
Бұл ретте ол арнайы құрылған тиісті комиссиялар кей шаруашылықтарда құс шығынының технологиялық, өндірістік себептерін, сондай-ақ, құс тұмауынан өлген құстардың нақты санындағы қателіктерді анықтағанын айтады.
«Мұндай келеңсіз жағдайлар, еліміздегі құс шаруашылығы саласының дамуына кері әсерін тигізу қауіпінің өте жоғары екенін көрсетеді. Статистикалық деректердің жүйесіздігі, құс өсірушілердің жауапсыздығы, жауапты мемлекеттік органдардың қамсыз болуы, яғни дер кезінде індеттің алдын алу шараларын жүргізуге қатысты жұмыстары да біршама сұрақтарды тудырып отыр. Елімізде құс етінің 45 пайызы импортталатынын ескерсек, ендігі кезекте, құс тұмауы салдарынан бұл көрсеткіштің өсуі және де отандық өнімдер бағасының қымбаттауы да әбден мүмкін», - деді Д.Мусин.
Сенатор Қазақстандағы құс шаруашылығы саласындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстардың төмен деңгейінің салдарынан инкубациялық жұмыртқа, тәуліктік балапандар сияқты асыл тұқымдық өнімдер негізінен жақын және алыс шет елдерден импортталатындығын алға тартады.
«Бұл ретте, отандық құс өндірушілерде өз кросстарының болмауы жағдайды одан сайын күрделендіруде. Сондықтан да, еліміздің құс шаруашылығы саласына қолдау көрсету - өзекті мәселелердің бірі. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру Ережелеріне» сәйкес нақты өндірісі 100 млн. данадан астам жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары 1 дана үшін 1,2 теңге норматив бойынша субсидия ала алады. Қазірдің өзінде, құс тұмауына байланысты, отандық кәсіпорындарда құс санының айтарлықтай мөлшерде қысқаруына байланысты, олар жыл қорытындысы бойынша 100 млн. дана жұмыртқа шығара алмайтыны белгілі болып отыр. Бұл - өз ретінде алынған субсидияларды қайтаруға міндеттеуге әкеліп соқтырады. Сондықтан да, аталған мәселе қосымша зерделенуі тиіс», - деді ол.
Д.Мусин аса қауіпті аурулардың өршуіне жол бермеу мақсатында ұйымдастырылған шаруашылықтарда және жеке аулаларда құстарды міндетті түрде вакцинациялауды ұйымдастыру қажет екендігін айтады.
«Жоғарыда баяндалғандардың негізінде сізден: құс тұмауының өршу себептеріне, тиісті ветеринарлық іс-шаралардың орындалуына жан-жақты тексеру жүргізу; құстардың қауіпті ауруларына қарсы міндетті вакцинациялау үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу; індет салдарынан (құс тұмауы) жойылған үй құстары үшін нарықтық құны бойынша өтемақы төлеу; жұмыртқа өндірудің нақты көлеміне қарамастан, барлық құс фабрикалары үшін бірыңғай норматив белгілей отырып, субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру; ветеринариялық препараттарды мемлекеттік сатып алуды оңтайландыру және үй құстарын сақтандыру бағдарламасын әзірлеу ұсынылады», - деді Дүйсенғазы Мусин.