$ 443.85  474.3  4.8

Ақтауда парашюті ашылмай қалған сарбазға Қорғаныс министрлігі тарапынан көмек көрсетілмегені рас па?

Еміне шамамен 1,5 млн теңге қажет болған. Бұл қаражатты туыстары өздері жинап берген.
Фото: lada.kz
Фото: lada.kz

5 тамызда Ақтау қаласында ұшу құрамы парашютпен секірген кезде Мұратжан Жамауов есімді әскери қызметшінің парашюті толық ашылмай қалып, жерге қолайсыз жағдайда қонған. Сол кезде Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі әскери қызметшінің жағдайы ауыр деп хабарлаған болатын, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Парашютші берілген командаларға жауап бермей, қосалқы парашютті пайдаланбау нәтижесінде, жерге қолайсыз жағдайда қатты келіп қонған. Зардап шеккенге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, әскери қызметші Ақтау қаласының медициналық мекемесіне жедел жеткізілді. 8 тамыз күні дәрігерлер хирургиялық операция жасады. Әскери қызметшінің жағдайы ауыр», - делінген ведомство хабарламасында.

Арада 20 күннен аса уақыт өткенде Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасы жайсыз хабар таратып, 1 қыркүйекте Ақтауда дайындық кезінде парашюті ашылмай қалған әскери қызметшінің ауруханада көз жұмғанын хабарлады.

«Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады. Алайда, ол 1 қыркүйекте Маңғыстау облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Марқұмның отбасына көңіл айтамыз», - деді басқармадағылар.

Осы жағдайға байланысты 12 тамызда Мұратжан Жамауовтың бауыры Мұхтар Жамауов inaktau.kz порталына пікір білдіріп, 6 жылдан бері әскери қызметте жүрген Мұратжанға Қорғаныс министрлігі тарапынан көмек болмағанын айтты.

«Мен Қарағандыда тұрамын, анам Түлкібаста. Анам, әпкем, бауырым және мен болған жайды ести салысымен Ақтауға жеттік», - деген ол.

Мұхтар Жамауовтың айтуынша, оқыс оқиғадан зардап шеккен бауырының еміне шамамен 1,5 млн теңге қажет болған. Бұл қаражатты туыстары өздері жинап, Мұратжанның (марқұм - ред.) әріптестері көмек берген.

Azattyq Rýhy агенттігі осы мәселе бойынша тиісті ведомство – Қорғаныс министрлігіне хат жолдап, зардап шеккен әскеридің еміне министрлік тарапынан қаншалықты көмек берілгенін, әскеридің өліміне байланысты жақындарына өтемақы төленген-төленбегенін, әскеридің өліміне қатысты тергеу қалай жүріп жатқанын сұрады.

Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаевтың жазбаша жауабында оның емі үшін қажетті төлемді Медсақтандыру қоры аударғанын айтты.

«Оқиғадан кейін аға лейтенант Төрегелді Мұратжан Орманбекұлының қызметтестерінің бастамасымен оған кәсіби медициналық қызмет көрсетуге және тез сауығуға және ары қарай оңалып шығуға ақшалай қайырымдылық ұйымдастырылды. Бірнеше күнде Әскери-әуе күштерінің әскери бөлімдерінің жеке құрамымен 6 миллионнан аса (теңге – ред.) қаражат жиналып, қажетті медициналық препараттарды сатып алуға және қызметтерді көрсетуге жұмсалды. Ары қарай оның ем алуына төлемдер Міндетті медициналық сақтандыру қорынан төленді», - делінген жауапта.

Ведомствоның хабарлауынша, қайтыс болған әскеридің туыстарына өтемақы төлеу туралы мәселе қабылданған процессуалдық шешім шыққанға байланысты болмақ. Сонымен қатар, қаза болған әскери қызметшінің туыстарына жерлеу рәсімін өткізу үшін 222 240 теңге мөлшерінде ақшалай қаражат төленді.

Батыс өңірі бойынша ҚР ІІМ әскери-тергеу басқармасы қолға алған бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары