Солтүстік Қазақстан облысының ветеринарлары барлық үй құстарын қырып тастауға бекініп отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Астана арнасына сілтеме жасап.
Тіпті құс тұмауын жұқтырмаған 5 мыңнан астам құс бар. Осылайша, олар індеттің таралауын бөгемек. Бірақ бұны бұқара қолдамады.
Қызылжарда құс тұмауы осыдан тура бір ай бұрын ең алдымен Якорь және Бескөл ауылдарынан анықталған еді. Ресми дерекке сүйенсек, аталған елді-мекендерде бес мыңға жуық құс қырылып қалған.
Якорь ауылының тұрғыны Талғат Есенов алты жылдан бері құс шаруашылығымен айналысып келеді. Ол қаздарының кеселді жұқтырмағанына қуанған. Ветеринарлардың үй құстарын жаппай қыру туралы жаңа қаулысын естіп, оған жол бермейтінін айтты.
"Менде отыз шақты қаз, ауырып жатқан жоқ. Өзіңіз көрдіңіз ғой? Қарсымын. Мен тірі қазды неге беремін? Ауырып, өлім жатса, өзім шақырар едім. Халық енді бәрі қорқып, тығып жатыр", - деді Якорь ауылының тұрғыны Талғат Есенов.
Бүгінде облыс бойынша екі жүз мыңға жуық құс өліп қалған. Оның он алты мыңы жеке сектордың үлесінде болса, қалғаны құс фабрикаларына тиесілі. Мамандар аймақта тұмаудың таралуы қазір бәсеңдеп келетінін хабардар етті. Бірақ, індеттің көзін жою үшін, осындай қадамға бару аса қажет деп отыр.
"Қазір 41 ауылда карантин режимі сақталып отыр. Басқа ауылдарда құс өлуінің жаңа жағдайлары төрт күннен бері байқалмады. Ал Бескөл мен Якорь ауылдарында құстың қырылуы тыйылмай отыр. Сондықтан Бескөлдің ішіндегі екі шағын ауданда 2.5 мың құс және Якорь ауылында қалған 3 мың құсты тәркілеп, оны өрттеп жіберу шешімі қабылданды", - деді ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті СҚО аумақтық инспексиясының басшысы Марат Ыбыраев.
Айта кетейік, тұмаудан қырылған құстарға өтемақы көлемі нақтыланған болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігі тауық үшін 1300 теңге, қаз үшін 5300 теңге берсе, күркетауықтың бір басына 7500 теңге төлемек. Бірақ Қызылжар өңірінде өтемақыға ие болатын адамдардың нақты саны әзірге белгісіз.
Бүгін құс тұмауына қатысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта өз пікірін білдірді. Ол ауыл шаруашылығы министрлігінің салғырттығын сынады. Ветеринарлық қызмет дамуының деңгейі тым төмен болғандықтан, құс тұмауын дер кезінде алдын алу мүмкін болмағанын айтты. Сондықтан ол үкіметке бұл саланы жетілдіруді тапсырды.