Алдағы жексенбі, 11 қазанда елорданың қоғамдық көліктері тоқтатылмайды. Бұл туралы City Transportation System (CTS) компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
"Жексенбі күні, 11 қазанда қоғамдық көлік қатынайтын болады. Ауа-райының салқындауына байланысты, сондай-ақ елордамыздың тұрғындары мен жұмыс берушілердің сұрауы бойынша жексенбі күні қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылмайды. Бұл күні автобустар сағат 21:00-ге дейін жүреді. Басқа күндері қоғамдық көлік қалыпты жұмыс істейді", - делінген ресми хабарламада.
Мамандардың айтуынша, әдеттегідей әр айналымнан кейін соңғы аялдамада автобустарға дезинфекция жасалады. Бұл шара автопарктерде де атқарылады.
"Қала тұрғындарын санитарлық нормаларды сақтауға шақырамыз. Автобустарға бетпердесіз кіруге тыйым салынады. Жол ақысы тек қолма-қол ақшасыз төленеді", - дейді компания қызметкерлері.
Айта кетейік, бұған дейін демалыстағы локдаун аясында жексенбі күндері қоғамдық көлік қатынасы тоқтатылған болатын.