Алматы әкімдігі екінші тоқсанда сабақтың қалай өтетінін айтты. Індет жұқтырғандардың қатары азайып қауіп сейілген жағдайда мектеп оқушылары жаппай сыныбына оралуы мүмкін, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қазіргі кезде Алматыда оқушылардың 96 пайызы қашықтан оқып жатыр. 923 кезекші сынып ұйымдастырылып, балалар онда үйреншікті жағдайда білім алуда. Әзірге сыныптар толық емес. Тек оншақты баладан отыр. Десе де мектептер жақын күндері қайтадан оқушыларға лық толуы мүмкін.
"Эпидемиялогиялық жағдай жақсарған жағдайда, екінші тоқсанда балалар лек-легімен мектепке орала бастайды", - дейді білім басқармасындағылар.
Алғашқы болып 1 мен 4-сынып оқушылары, ал екінші лекте 5 пен 11-сынып оқушылары партаға отырады. Қазір оқушылардың арасында ковид-19 жұқтырған 8 бала есепте тұр. Ал кезекші сыныптарда індетке шалдығу жайты тіркелмеген.
"Қаладағы эпидемиологиялық ахуал дұрысталып, індет жұқтырғандардың саны азайған жағдайда мектептерді аша бастаймыз. Бірақ, бірден емес. Сыныптар біртіндеп ашылатын болады. Санитар мамандармен келісіп отырып қабылдаймыз", - дейді Алматы қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов.