$ 449.58  486.94  4.86

Түркістанда жоғалып кеткен студент қыз аман-есен табылды

Түркістанда жоғалып кеткен 18 жастағы қызылордалық студент Ғазиза Қайратова аман-есен табылды. Туыстары мен полицейлер бойжеткенді алты күн бойы іздеген болатын.

"Қызды Түркістан қаласының криминалды полиция қызметкерлері тауып берді. Ол дін-аман. Ол Түркістан қаласындағы өзінің құрбысының үйінде болыпты. Ата-анасын шақырттық. Жоғалып кетудің себептерін айта алмаймын. Өйткені, ол кәмелет жасына толған қыз. Мүмкін оның өз себептері болған шығар", - дейді ОҚО ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.

Қуанышты хабарды естіген Ғазизаның анасы дереу Қызылордадан Түркістанға қарай бет алды. Қызының неліктен мұндай қадамға барғандығын ол жолыққан кезде анықтамақ.

"Құдайға шүкір, тірі екен. Түркістандағы құрбысының үйінен таптық дейді полицейлер. Әлі өзімен сөйлескен жоқпын. Қазіргі жағдайының қандай екенін білмеймін. Телефоны әліге дейін өшіп тұр", - дейді жоғалған қыздың анасы Гүлнәр Жәнібекова informburo.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Естеріңізге салайық, Ғазиза Қайратова 31 мамыр күні Қызылордадан Түркістанға қарай шығып, із-түссіз жоғалып кеткен болатын. Ол сол күні анасына хабарласып, өзі жалдап тұратын пәтерге аман-есен келгенін хабарлаған. Содан кейін телефоны өшіп, өзі де хабарсыз кетіпті. Туыстарымен байланысқа шықпаса да Ғазиза ВКонтакте әлеуметтік желісіне кіріп, жазба қалдырған. Тіпті, суретін де алмастырған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары