Қазақстанда коронавирустан көз жұмған медицина қызметкерлерінің отбасына 10 млн теңгеден өтемақы төленеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Facebook парақшасында жазды.
«Соңғы шешім қабылданды, қаза болған медицина қызметкерлерінің барлығының отбасыларына/жақындарына 10 млн теңге көлемінде өтемақы төленеді. Осы аптаның соңына дейін ақша өтінім берушінің банктегі есепшотына түседі. Қазақстанда коронавирус індеті басталғалы бері 182 дәрігер көз жұмды», - деді Бағдат Қожахметов.
Айта кетейік, коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына тексеру жүргізілместен төлемақы берілуі керектігін айтқан болатын.
Еске сала кетейік, жақында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қызмет барысында коронавирустан қайтыс болған медицина қызметкерлерінің жақындарына өтемақы төлеуді 13 қазанда аяқтауды тапсырды.