Көкшетаудың үстінен ұшқан тікұшақ тұрғындарды алаңдатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала аспанынан бірнеше рет айналып өткен тікұшақты көрген тұрғындар әуеден бір зат шашып жүр деп алаңдаған-ды. Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, Көкшетау қаласында қазан айының 9-23 күндері аралығында Ақмола облысының терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабы әскери техника мен арнайы автокөліктерді жұмылдыру арқылы жоспарлы оқу-жаттығуын өткізіп жатыр.
«Қала тұрғындары мен қонақтарына сабырлық танытып, оқу-жаттығу шарасына түсіністікпен қарауға, сондай-ақ, шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратпауға шақырамыз», - делінген ведомствоның хабарламасында.