$ 494.87  520.65  4.91

«Несиемізді қалай төлейміз?»: Оңтүстіктің мақташылары қып-қызыл шығынға батып жатыр

Шенеуніктің айтуынша, мақта егуді қысқарту керек. «Мақтаның орнына картоп ексін» - деп кеңес береді. Бірақ егінге не су бермейтін, не мақта бағасына араласа алмайтын облыстық басшылардан «қайран жоқ» деген ел енді мәселені оң шеше алатын Елордадан ғана көмек күтеді.
Фото: видеоан скриншот
Фото: видеоан скриншот

Оңтүстіктің мақташылары қып-қызыл шығынға батып жатыр. Әсіресе Ордабасы ауданындағы ақ алтынмен айналысатын диқандар егінін тек бір рет суарып үлгеріп, салдарынан мақта жылдағыдан екі есе аз өнім беріпті. Өйткені суды облыс Түркістанды абаттандырамыз деп бұрып жіберген. Енді аз өнімді өткізудің өзі мұң. Мақта қабылдаушы зауыттардың бағасы тым төмен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Күнгейлік диқандардың жағдайы биыл мәз емес. Суарылмаған  мақтаның шығуы да әдеттегіден екі есе төмен бопты. Ордабасы ауданының диқандары ақ алтынның 80 пайызын айналасы екі аптада жинап үлгерді. Қалғанын бірер күнде теріп бітуі тиіс.

Диқандар мақтаны жылда екі мәрте суаратын. Бірақ биыл жаздың ортасында су беру мүлдем тоқтапты. Тіршілік нәрі болмаған соң, егіннен күй кетіп, өнім күрт төмендеген. Ал, судың жартысы Түркістанды абаттандыруға жіберілген көрінеді.

Қасен Дүйсенбі, диқан:

- 10-шілдеден бастап су тоқтады. Көп жерде 70 пайыз сумен қалды. Енді орта есеппен 16-17 центнерден келіп жатыр. Ал, 16-17 центнермен тек шығынға батамыз. Баға саясаты дұрыс емес.

«Қолдан жасаған құрғақшылықтан өнімнің жартысынан айрылдық» дегендер қазір сол аз мақтаны зауыттарға өткізіп жатыр. Бірақ олар да қитұрқылық жасап, бағаны тым төмен ұсынады екен. Алдыңғы жылы келісін 180-нен алған мақта зауыттары былтыр 150 теңгеден берсе, биыл тіпті 100 теңгеге түсірген.  

Жасұлан Қуандықұлы, диқан:

- Бұл кісілер қорасындағы ең соңғы малын сатып, осы мақтаны егіп отыр. Енді несиесіне несін сатып құяды?

- Бала-шағаны биыл қайтіп бағасыздар?

- Білмеймін, түсінбеймін. Диқанға 230 теңгеден алып, 100 теңгеден мақтаға ақша алғаннан қандай пайда? Бір литр жанармай 187 теңге, ол мақтаң 100 теңге. Бұны есептеуге біліміңнің керегі жоқ.  

«Жекеменшік зауыттарға талатып жатыр» деген егіншілердің аудандық шенеуніктерге де өкпесі қара қазандай. Себебі, мемлекеттен берілетін субсидияның құжаттарын өткізерде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі түрлі сылтаумен құжат қабылдамай, «азын-аулақ жеңілдіктен де қағылдық» деп отыр.

Арапбай Әбішұлы, агроном:

- Күніге жиналамыз, ауданда база ашылмайды. Осы арада, біздің компьютерде база ашылмайды. Сондай сылтау айтылды. Қалып қойдық. Өзіміздің кооперативтен 970 тонна мақтаға субсидия алынбай қалды. Осыны іздеуден басталды.

- Қалғаныңыз субсидия алып жатырсыздар ма?

- Жооқ! (бәрі шу ете қалды) Облыстық ауыл шаруашылығына жауапты ақжағалылар саспады.

«Түркістанды абаттандыруға су бұрғанымыз рас, бірақ оған көп су кеткен жоқ», - дейді.

Ал Ордабасыда тіршілік нәрі жеткілікті болыпты-мыс. Жалпы, облыста 90 мың гектар ғана мақта егілуі тиіс болса, қазір ақ алтын алқаптары 125 мың гектар. Сондықтан сұраныс та аз. Оның үстіне қазақ мақтасы, өзбек пен тәжіктің өнімінен сапасы төмен болғандықтан, халықаралық нарықта да арзан көрінеді.

Тұрғанбек Оспанов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Мақтаға сұраныс жоқ. Сұраныс болғанда, ол шаруаға да пайда емес. Мен екі-үш жылдан бері айтып келе жатырмын, мақта дақылын тоқтатыңдар.Кейбір азаматтар бар еңбекқор, ниеті түзу азаматтар. Қазір жақсы өнім алып жатыр. Ал кейбір азаматтар кем өнім алғанын біреуден көреді.  

Шенеуніктің айтуынша, мақта егуді қысқарту керек. «Мақтаның орнына картоп ексін» - деп кеңес береді. Бірақ егінге не су бермейтін, не мақта бағасына араласа алмайтын облыстық басшылардан «қайран жоқ» деген ел енді мәселені оң шеше алатын Елордадан ғана көмек күтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары