$ 444.22  476.38  4.82

Теолог: «жиһад» сөзінің шынайы және бұрмаланған мәні

Дәл осы жиһад сөзін дінтанушылар қалың көпшілік кең мағынасында түсіну үшін былай деп те түсініктеме береді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Соңғы бірнеше онжылдықта әлемдік сахнада жиһад сөзі жиі айтылып және жиі қолданылып жүр. Бұл сөзді естігенде көпшілік адам қолына қару алып, соғысып жүрген мұсылманды елестетеді. Яғни қоғамдық стереотип тек суық соғыс, қантөгіс деп қабылдайды. Себебі, террористік ұйымдар бұл ұғымды «соғыс», «жарылыс» мағынасында қолданып, өздерін ақтап алу үшін жиһад сөзі Құранда айтылған деп дәлелдеп бағуға тырысады. Өйткені, террористік ұйымдардың пікірінше олар исламның «жауларымен» осылай қолға қару алып соғысу керек. Олардың «құндылықтарын» ұстанбайтын адамдарды олар күштеп бағындырып, өз дегендерін істетуді көздейді. Әрине, жиһадты бұлай түсіну сөзсіз түрде қате және ол террористік, экстремистік топтардың саяси, экономикалық және жеке мүдделеріне, теріс пиғылдарына қолдау білдіру болмақ. Екінші жағынан мұндай түсінік исламды дұрыс түсінбеуден, діни сауатсыздықтан шығуда.  

Осы ретте ислам дініндегі жиһад сөзінің түпкі мәні туралы теолог Хасан Аманқұловтың берген анықтамасына тоқталып кетсек: «Жиһад – араб тіліндегі «жуһд» түбірінен шыққан «белгілі бір мақсатқа жету үшін жігер күшін салу, күресу» деген мағынаны білдіреді. Құранда жиһадқа байланысты аяттар бірнеше жерде келгенімен оның барлығы қолға қару алып соғысқа аттану деген мағына бермейді. Тек төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Оның өзі бүкіл кәпірлерді қырып жойыңдар немесе бейбіт халықты бас салып мал-мүлкін талан-таражға салу, абыройын аяқ-асты ету, жерлерін отарлап, еріктерінен айыру т.б. осы сияқты зұлымдық мақсатында соғысыңдар деген ұғымды білдірмейді. Яғни жиһад дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және Алланың хақ дінін қорғау мақсатында шариғатталған болса керек». 

Ал Мұхаммед пайғамбар өз-өзіңмен, яғни нәпсіңмен күресті ең үлкен жиһад деп айтқанын ұмытпауымыз керек. Ол дегеніміз алдымен адам өзінің кемшілігін, мінезін түзетуге ұмтылып, кешегіге қарағанда бүгін жақсырақ болуға тырысу керек. Кезінде ол туралы Шәкәрім Құдайбердіұлы «біреудің мінін көргенше, жамандығын тергенше, өз ойыңды мазалап, өз бойыңды тазалап, өзіңмен алыс өлгенше!» деп айтып кеткенін де еске саламыз. 
Дәл осы жиһад сөзін дінтанушылар қалың көпшілік кең мағынасында түсіну үшін былай деп те түсініктеме береді. 

«Жиһад» сөзі араб тілінде жақсылық жолында күш жұмсау, шариғаттың талаптарына сай өмір сүру үшін нәпсінің теріс қалауларына қарсы тұру және әлеуметтік істерде мұқтаждарға жәрдем ету, білім іздеуде табандылық танытып, адамзатқа пайдалы жетістіктерге қол жеткізуде қажыр-қайрат көрсету. Отанына төнген қатердің алдын алу үшін шабуыл жасағандарға тойтарыс беру де жиһад деп аталады. 
Ал радикалды діни ұйымдар жиһад сөзін соғысты көздеу мақсатында қолдануы жиі байқалады. Яғни жиһад қазіргі соғыстармен, мәселен, Сириядағы және басқа елдердегі соғыспен байланысты. Олар мұны Алланың жолындағы жиһад деп санайды. Бұл – қате түсінік екенін дінтанушылар сан қырынан дәлелдеуде. Себебі, нағыз жиһад және исламның сепаратистер, бандиттермен, діни экстремистермен, терроризммен және зорлық-зомбылықпен ешқандай байланысы жоқ. Жиһадты соғысу керек деп түсіндіретін және соғысқа шақыратын адамдар мұсылман емес, өйткені шынайы мұсылман адам ешқашан жазықсыз адамдардың қанын төкпейді. 

Қазір өзге мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа теріс пиғылды радикалды ағымдар исламдағы жиһад сөзін пайдаланып, қол астындағыларын сол жерге соғысқа аттандыруда. Негізі бір елдің ішкі шаруасына араласуға ешкімнің құқы жоқ. Олардың өздерінің пәтуа беретін ресми діни басқармасы және мүфтилері бар. Осыған орай, жиһад – елді басқарып отырған басшының рұқсаты және дін істерін басқарып отырған діни басшылар мен ғалымдардың пәтуаларымен іске асады. 
Әркім өз еліне, өз жеріне, өз халқына еңбек ету керек. Біреудің алдауына түсіп, жаза басып, басқа бір елдегі адамның қанын төгіп, күнәһар болған адам оңбайды. Адам баласы бақытты олай іздемейді. Бақытты ол отанына, халқына, отбасына, жақындарына жақсылық істеу арқылы ғана табады, – дейді теолог.     

Исламда әскери парыз және өз Отанын қорғау өте жоғары бағаланады. Мұсылман баласы үшін өз елін, Отаны мен шекарасын қорғау оның қасиетті азаматтық борышы. Өйткені, ол оның отбасы, оның ар-намысы мен қадір-қасиеті. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#теолог