21.10.2020, 22:02

Тоқаев Қазақстан үшін мүлде жаңа құжат әзірленіп жатқанын мәлімдеді

фото: qazaqtimes.com
Президент аталған бағытта ауқымды жұмыс атқару керек деп санайды. Сондықтан көзбояушылыққа жол берілмеуі тиіс.

Ақордада өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік кодекс әзірленіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мемлекет басшысы Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікке Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, аталған мәселені мұқият пысықтауға және ахуалды жақсарту үшін нақты ұсыныстар енгізуге тапсырма берді.

 Президент аталған бағытта ауқымды жұмыс атқару керек деп санайды. Сондықтан көзбояушылыққа жол берілмеуі тиіс.

Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы қайта жаңғыртуға арнайы топ жұмылдырылатынын айтты. Ол өзінің тікелей тапсырмасымен Қазақстан үшін мүлде жаңа құжат, атап айтқанда, Әлеуметтік кодекстің әзірленіп жатқанына тоқталды.

"Шын мәнінде, бұл құжат жекелеген адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жүйелеуге, олардың өзара міндеттемелерін айқындауға, сондай-ақ, қазақстандықтарға берілетін төменгі әлеуметтік кепілдіктерді нақтылауға арналған. Яғни, құжатта азаматтардың балабақшаға барғаннан зейнетке шыққанға дейінгі өмірі толық қамтылған", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.