Белорус президенті Александр Лукашенко әлемнің бүкіл дәрігер, ғалымдарының бас ауруына айналған коронавирустың емін тапты деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы mk.ru агенттігіне сілтеме жасап.
Белорус президентінің сөзіне сенсек, жұртты жаппай карантинге қамап, елді әбігерге түсірген атың өшкір вирустың емі кәдімгі ірімшік екен. Слуцкий ауданына барған сапарында: «Егер біле білсеңдер, ірімшік ковидке арналған ең жақсы дәрі», деді Лукашенко.
Естеріңізде болса, Лукашенко осыған дейін бір сөзінде коронавирусты болдырмау үшін күніне аздап арақтан тартып жіберуді ұсынған болатын. Сонымен қатар Белорус президенті ковидке қарсы ем шаралар деп сауна, егістікте трактор айдау, хоккей мен оттың түтінін ұсынған еді.
Ал бұл жолы басқаша «аян түс» көрген бе, Лукашенко ковидті ірімшік жеп емдеуге болатынын айтады. Жылға жуық уақыт мың сан дәріге түрлі тәжірибе жасап, алашапқын болып жүрген ғалымдар мен вакцинологтар Лукашенконың бұл нұсқаулығынан кейін жұмыстарын тастап, таркторға отыра ма, әлде аздап арақтан ұрттап кете ме, ол жағы белгісіз. Әйтеуір, коронавирустың ең оңай емін іргеміздегі елдің президенті «тапқан» сияқты.