Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов Әбу-Дабиде өтіп жатқан UFC 254 турнирінде жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ш.Рахмонов орта салмақта тәжіибелі бразилиялық Алекс Оливейрамен (22-8-1-2) октагонға шықты. Жекпе-жек үш раундқа есептелгенімен, көпке созылмады. Бірінші раундта-ақ қазақстандық жекпе-жек шебері бәсекені тұншықтыру әдісімен аяқтады.
Бұл 26 жастағы Ш.Рахмоновтың UFC жарысындағы алғашқы табысы еді. Осылайша ол аралас жекпе-жектен барлығы 13 кездесу өткізсе, соның бәрінде қарсыластарын мерзімінен бұрын тізе бүктірді.
Ал бразилиялық спортшы аралас жекпе-жекте 10 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.
Соңғы бес жылда UFC турнирінде бақ сынап, 18 кездесуінің 11-ін ұтты.
Бұл оның тоғызыншы жеңілісі еді.
Ш.Рахмонов жекпе-жек соңында берген сұхбатында Қазақстанның туын биікте желбірету зор бақыт екендігін, кеше болған туған күніне өзінің осылайша тарту жасағанын мәлімдеді.
Әбу-Дабидегі турнирдің басты жекпе-жегінде жеңіл салмақтағы чемпион, ресейлік Хабиб Нурмагомедов (28-0) пен осы атақтан үміткер, америкалық Джастин Гэтжи (22-2) ортаға шығады.