Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният осы ведомстовның бұрынғы басшысы Елжан Біртановтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Әрине, министрлік үшін бұл ауыр ақпарат болды. Қазіргі кезде құзіретті органдар осы іспен айналысып жатыр. Олар бәрін анықтайды деген ойдамын", – деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. Вице-министрдің айтуынша, тергеу шаралары басталғаннан кейін министрліктің жұмысы көбейді. Себебі тергеушілер құжаттарды тексеріп қана қоймай, жауап алуға да шықырып тұрады.
"Жалпы, денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне қосымша жүктеме түсіп отыр. Тергеу органдары құжаттармен жұмыс істеп, біздің қызметкерлерімізді жауап алуға да шақырып тұрады", – деп атап көрсетті Ғиният.
Естерңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде бұрынғы денсаулық сақтау министрінің ұсталғаны туралы хабарлама тараған болатын. Сол кезде қаржы мониторингі комитеті тергеуге қатысты ақпарат 201-бапқа сәйкес жарияланбайтынын және тиісті мәліметті кейін беретінін хабарлаған.
Тағы оқи отырыңыз: Біртановқа қандай жаза тағайындалуы мүмкін?
Ал желідегі ақпарат бойынша экс-министр 526 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Ақша денсаулық сақтау жүйесінің байланысын қамтамасыз ету және ақпарат платформаларын сатып алуға бөлінген. Қылмыстық кодекстің 189-бабына сәйкес ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу") тергеу жүргізіліп жатқаны айтылған.
3 қараша күні қаржылық мониторинг жөніндегі комитет тергеу уақытында Елжан Біртанов қамауға алынатынын мәлімдеді. Экс-министр бюджет қаражатын аса ірі көлемде ысырап ету фактісі бойынша айыпталып отыр.