$ 444.22  476.38  4.82

Елімізде қалың малды несие сияқты бөліп төлеуге көшіп жатыр

Құда-құдағилардан ұят болмасын дегендер амалсыздан осылай жасауға мәжбүр дейді мамандар.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Қыз жасауын несиеге алатындар көбейді. Мұны бұрымдылардың дүние-мүлкін дайындайтын шеберлер айтып отыр. Сондай-ақ, соңғы кездері қалың малдың ақшасын бөліп төлеп, амалын табатын жігіттер де бар. Бұл бастаманы этнографтар да қолдауда, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Құда-құдағилардан ұят болмасын дегендер амалсыздан осылай жасауға мәжбүр дейді мамандар. Алайда, мұны жұрттың бәрі дерлік құптай бермейді. Этнограф Қалжан Қайратұлы қазіргі қиын кезеңде әркімнің "көрпесіне қарай көсілгені" жөн дейді. Ал жігіттердің қалың мал төлеуге жағдайы болмаса, оның басқа жолын тапқаны дұрыс екен.

"2 миллион деп қоятын болса, қалың мал үшін ажырасып кеткендер бар. Жігітке сол ситуациядан шығудың жолдарын іздеу керек. "Мен қыздарыңызды бақытты ете аламын. Кредит алудың да қажеті жоқ. 500 мың берейін, одан кейін тағы 500 мың!" десін", - дейді Қалжан Қайратұлы. Бұл – мың долларды айтқаны.

Кәсіпкер Дина Хайса да тұрмысқа шығатын бұрымдылардың жасауды несиеге алатынын жасырмайды. Бағасы да карантинге қарай өзгермеген.

"Бөліп төлеуге алады. 50 пайызын төлейді. Қалған сомасын 1-2 айға бөліп алады. Қалтасына қарайды. Бір көрпеше, төр көрпе 10 мыңнан басталады, 20 мыңға дейін", - деді қыз жасауын сатушы Дина.

Бүгінде қыз жасауы қымбат заттарымен бағалы. Мәселен, қазір көрпе-төсектің жанына қымбат техникалар, смартфон, алтын бұйымдар, тіпті, су тазалайтын фильтр да бар. "Сайып келгенде, халықтың көбі оны несиеге рәсімдейді", - дейді Сұлушаш деген кісі.

"Бірінен бірі асырып, кредиттерді алып, белшесінен қарызға батып жатыр. Бұл өте орынсыз. Ысырап болмау үшін екі жақ келісуі керек", - дейді ол.

Дерекке жүгінсек, елімізде тіркелген некенің 40 пайызы көп ұзамай ажырасумен аяқталады екен. Ал әйел кеткенмен, "несие", "бөліп төлеу" бәрібір бірге қалады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары