Түркістан облысында тұрғындарға 1,5 миллиардқа жуық шығын келтірген «Indigo-24 Evolution» қаржы пирамидасын ұйымдастырған 12 күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Еске сала кетейік, өткен жаз айларында полиция қызметкерлері Жетісай қаласындағы «Indigo-24 Evolution» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Бұл жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі (Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша тіркелді. Бір ай өткеннен соң жәбірленушілер саны 300-ден асты.
Жетісай аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласынан пирамида жасады деген күдікпен Жетісай ауданының тұрғыны – қаржы пирамидасының директоры жеткізілді. Оның екі сыбайласы - Мақтаарал ауданының тұрғындары да ұсталды. Тергеу барысында кеңсеге тінту жүргізіліп, құжаттар, жабдықтар, компьютерлер және басқа да айғақты заттар тәркіленді. Іздестіру нәтижесінде алдымен 5 күдікті, кейіннен 7 күдікті ұсталды. Олар Жетісай, Шардара, Мақтаарал, Сарыағаш аудандары тұрғындарының ақшасын алып, қайтармаған.
«Indigo-24 Evolution» қаржы пирамидасы 2015 жылы Алматы қаласында құрылған. Оның негізін қалаушы мен ұйымдастырушысы ретінде ұсталған күдіктілер туыс болып келеді. Олар Түркістан облысында бірнеше тұрғынды ұйымның директоры ретінде тағайындап, 1 млн теңгеден ақшасын алып, еселеп қайтарамыз деген құрғақ уәдемен алаяқтық істерін жүзеге асырған. Бүгінде жәбірленушілер саны 1500-ден асты. Олардың барлығының арызы заңды түрде тіркелген. Ұсталған 12 күдікті де сот санкциясымен қамауға алынды. Әзірге белгілі болған шығын көлемі 1 миллиардтан астам теңгені құрайды. Арызданушылар мен күдіктілер саны артуы, шығын көлемі де өсуі мүмкін», - дейді Түркістан облысы Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Нұрмахан Жалғасов.
Салымшылардың басым бөлігі күдіктілердің сөзіне сеніп, алданып, сол үшін несие алған. Қазірге дейін анықталған салымшылардың салған ақшасы 1 миллион теңгеден 10 миллион теңге аралығында болып отыр. Тағы да айта кететін жайт, күдіктілердің аттарына тіркелген мүліктер анықталып, сотпен санкцияланған.