$ 448.15  483.46  4.86

«Қарсылық көрсеттім»: орамалды қыз өзін ҰҚК қызметкері зорламақ болғанын жария етті

Қыз видеоүндеу жазып, оны өзінің Instagram парақшасында жариялады.

Алматы облысының тұрғыны Ая Өмірзақова зорлауға әрекеттену фактісі бойынша тергеу шаралары созылып кеткеніне шағымданды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.  

Қыз видеоүндеу жазып, оны өзінің Instagram парақшасында жариялады. Эмоционалды жазба әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды.

"Бұл қадамға бару оңай болмады, алайда үнсіз қалмауға шешім қабылдадым. Құзырлы органдардан, біздің биліктен маған көмектесуін және бұл істі бақылауға алуын сұраймын. Бәрі әділ болғанын қалаймын және осы істі объективті және жан-жақты тергеуге қол жеткізуді сұраймын",  - дейді жазба авторы.

Қыз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері өзін зорламақ болғанын жария етті. 12 қыркүйекке қараған түні ол жұмыстан қайтып келе жатып, жол-жөнекей көлік тоқтатқан. Айтуынша, жүргізуші оған шабуыл жасап, ұрып-соғып, зорламақ болған. Қыз ер адамға қарсылық көрсетіп, зорлық-зомбылықтан әрең дегенде қашып құтылдым дейді.

"Қарсылық көрсеттім. Ол мені ұрып-соғып, орамалымды жұлып алды. Өлтіріп, көміп кететінін айтты", - дейді қыз.

Сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар полиция шақырып, зорлықшыны қорқытып жіберген.  

Ол өзінің видео үндеуінде Қаскелең полицейлері бұл істі үш айдан бері тергеп жатқанын жеткізді. Ал күдіктінің туыстары оны қорқытып, алаяқтық жасады деп айыптауға тырысып жатқан көрінеді. Божеткен осы жағдайдан кейін жұмысынан айырылғанын, күйзеліске түсіп, психологтан көмек сұрауға мәжбүр болғанын мәлімдеді.

Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі қыздың полицияға шағымданғанын растап, тергеу жұмыстары бақылауда екенін хабарлады.

"Жәбірленушінің арызы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 120-бабы 1-бөлігі  "Зорлауға  оқталу" бойынша тіркелген. Іс бойынша бірқатар сараптама тағайындалды, барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында", - деп түсіндірді департаменттің баспасөз қызметі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары