$ 444.32  473.33  4.76

Қапшағайда табылған тастанды сәби шетінеп кетті

Бұған дейін Қапшағайдағы саяжайлардың бірінен шала туылған нәрестенің табылғанын хабарлаған болатынбыз. Жаурап қалған сәбиді дәрігерлер ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізген. Алайда, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады деп жазады Informburo.kz.

"Жаңа туған сәбидің салмағы 1,4 келі болатын. Тым әлжуаз. Біздің дәрігерлер оны аман алып қалу үшін бір тәуліктей күресті, алайда, нәтиже шыққан жоқ. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары баланың анасын іздестіріп жатыр", - дейді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ақниет Балтанова.

Облыстық Ішкі істер департаменті болса адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлап отыр. Бұған дейін "өмірге қауіп төндіру" дерегі бойынша іс қозғалған еді.

"Қазіргі таңда сәбидің анасын іздеу жұмыстары жүріп жатыр. Болжам бойынша, күдікті осы саяжайдың тұрғыны, өйткені, Қапшағайдан дәл осы жерге босану үшін ешкім келмейді. Қазіргі таңда жүктілік есебінде тұрған әйелдерді тексеріп жатырмыз", - деді ІІД өкілдері.

Естеріңізге салайық, жаңа туған сәбиді "Құрылысшы" саяжайында ойнап жүрген балалар 3 шілде күні тауып алған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары