04.12.2020, 09:20

Енді лауазымды тұлғалар бір қызметті 8 жылдан артық атқара алмайды

фото: pixabay.com
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18% артқан.

Бұдан былай лауазымды тұлғалар бір қызметті сегіз жылдан артық атқара алмайды. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін қағида талаптарына саяси қызметшілердің де ротациясы енгізіліп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Ерлан Ермаханбетов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Оның сөзінше, саяси және «А» корпусының қызметшілері өз лауазымдарына тағайындалған күнінен бастап төрт жылдан кейін ротациялауға жатады. 

«Бұл ретте, уәкілетті адамның (органның) шешімі бойынша мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімі екі жылға ұзартылуы мүмкін. Одан әрі осы мемлекеттік саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімін ҚР Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен тағы екі жылға ұзартуға жол беріледі. Яғни, саяси және «А» корпусының қызметшісі бір лауазымды жалпы алғанда сегіз жылдан артық атқара алмайды. Айта кетсем, қазіргі таңда Түркістан облысында қызметтегі 6603 мемлекеттік қызметшінің 22-і саяси, 1 қызметші «А» корпусының қызметшісін құрайды», – деді Е.Ермаханбетов. 

Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап әртүрлі өңірде, республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін облыс әкімдігінің басқарма басшыларын бір-бірінің орнына тағайындауға рұқсат беріледі. Бұл ретте, «Б» корпусының қызметшісі өз лауазымына тағайындалған күнінен бастап үш жылдан кейін ротацияланады. Кейін, қызметшінің лауазымында болу мерзімін Ұлттық комиссияның шешімімен одан әрі екі жылға ұзартуға жол беріледі.

Айта кетерілігі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18% артқан. Сондай-ақ, жиынға қатысқан ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалының директоры Жанат Момынқұлов мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

 «Биыл Академияның облыстық филиалы Түркістан облыс әкімдігі және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің қолдауымен 1532 мемлекеттік қызметшіні оқытты. Олар біліктіліктерін арттырып, қайта даярлау курстарынан өткен», – деді Ж.Момынқұлов.