Жамбыл облысында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы 2021 жылға жоспарланған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды пайдалануға байланысты қылмыстардың алдын алу мақсатында Жамбыл облысының аумағында 2020 жылғы 1 шілдеден бастап халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу жөніндегі республикалық акция өткізілді.
"Акцияны өткізу кезеңінде Жамбыл облысының тұрғындарынан заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын тапсыру туралы 103 өтініш түсті, 178 бірлік атыс қаруы тапсырылды, оның ішінде 18 бірлік ойық ұңғылы, 158 бірлік тегіс ұңғылы және 2 бірлік травматикалық қару. Тапсырылған атыс қаруы үшін жалпы сомасы 10 миллион 436 мың 946 теңге ақшалай сыйақы төленді", – деп Жамбыл облысы ПД ӘПБ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Шухратжон Юлдашев мәлімдеді.
ҚР ІІМ нұсқауына сәйкес 2021 жылы Жамбыл облысының аумағында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция өткізу жоспарлануда, акцияны өткізу үшін 10 миллион 404 мың теңге бөлінді. Қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін ақшалай сыйақы төлеу қарудың әрбір бірлігі үшін 29 мың 70 теңгеден, 291 мың 700 теңгеге дейін сомасында көзделеді.
Атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды қабылдау Жамбыл облысы ПД қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде жүргізілетін болады. Бұл ретте тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартудан босатылады.
Туындаған сұрақтар бойынша Сіз Жамбыл облысы ПД ӘПБ азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобына 8 (7262) 99-78-04 телефоны бойынша хабарласа аласыз.