$ 494.87  520.65  4.91

«Дәрігерлікті таңдағаныма өкінемін»: тоңазытқыштағы нәресте өліміне қатысты сот ісі

"Мен қазір дәрігер болғаныма және көп әйелге, сәбилерге көмектескеніме, олардың өмірін арашалап қалу үшін тәуліктеп күрескеніме өкінемін, - деді дәрігер.
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

4 желтоқсанда облыстық перинаталды орталықтың тоңазытқышына салынған нәрестенің өліміне қатысты іс бойынша тараптардың жарыссөзінде айыпталушылар мен олардың адвокаттары сөз алды. Бұл туралы azh.kz хабарлайды. 

Адвокат Талғат Мұқатанов өзінің қорғалушысы - акушер Жәмила Құлбатыроваға тағылған айыпқа тағы да наразылық білдірді. Оның айтуынша, Құлбатырова акушер-гинеколог Асқар Қайыржанның нұсқауын орындап, өзінің қызметтік міндетін орындаған. Қайыржан оның Тұрымбетованың нәрестесін әдеттегідей мұздатқышқа салғанын, сәбилер өлі туылғанда акушерлер солай  істейтінін айтты. Ол Құлбатырованың кезекші неатолог-дәрігер Сағадат Әлімбаеваға жаңа туылған нәрестені көрсеткенін, ол бастапқыда және қайтадан тексеру кезінде нәрестенің өлі екенін айтқанын мәлімдеді.

«МЕН МІНДЕТІМДІ ОРЫНДАДЫМ»

Ары қарай Жәмила Құлбатырованың өзі сөз алды. Ол да, Нысанбаев та эмоцияға беріліп сөйледі.

«Мен нәрестенің кіндігінен әлсіз пульсацияны байқап, нәрестені тексеру үшін кезекші неонатолог Әлімбаеваны шақырдым. Тексерген соң Әлімбаева алғашқы реанимациялық көмек қажет емес, нәресте өлі деді. Ол нәрестенің салмағын өлшеп, өз міндетімді орындау керектігін айтып, палатадан шығып кетті... Бірақ бирка тағып жатқан кезде кіндігінен аққан қанды көрдім. Қайтадан Әлімбаеваға ұялы телефонмен қоңырау шалдым. Ол нәрестенің өлі екенін қайталап, оны жылы жерге қоюға кеңес берді. Біз сәбиді 1-палатаға апардық, мен оны жылы жерге қойдым. Әлімбаева нәресте өлді десе, онда неге оны жылы жерге қой деді? Демек, оның күмәні болған ба?» - дейді Құлбатырова.

Содан кейін ол Әлімбаева бұл нәресте туралы өзінен кейін кезекшілікке түскен неонатологтар Дариға Жұмабаева мен Руслан Нұрмұхамбетовке неліктен хабарламаған дейді. Құлбатырованың айтуынша, ол сәбиді тоңазытқышқа екі рет салған: әуелі 1-палатада сәбиден тіршілік нышаны білінбегеніне көзі жеткен соң салған. Бірақ бір минуттан кейін сәбиді тоңазытқыштан шығарып алып, залалсыздандыру бөлмесіне апарып, басқа неонатолог дәрігерлер тексеріп шықсын деп, кушеткаға жатқызған. Ол кезде Әлімбаеваның кезекшілігі біткен еді. Ал оның алдында кезекші санитар Светлана Козловаға өзінің күмәнін айтып, нәрестені көрсеткен. Оның айтуынша, Козлова айтқандай, сәбиде тіршілік белгісі болмаған.

«Козлованың неге олай дегенін түсінбедім. Әлде оны солай айтуға біреу мәжбүрледі ме? Ұялы телефонмен акушер-гинеколог Асқар Қайыржанды шақырдым. Өйткені бұл нәрестеге қатысты күмәнім болған еді. Сағат 19.20-ларда ол неонатолог-дәрігерлер Нұрмұхамбетов пен Жұмабаеваны шақырды. Сағат 19.27-де залалсыздандыру бөлмесінде төртеуміз сәбиді тексеріп шықтық. Қайыржан маған оның өлі екенін айтты. Осыдан кейін мен оны зарарсыздандырылған жаялыққа орап, медальон байлап, сағат 19.30-дарда тоңазытқышқа салдым. Өйткені осындай процедура жасалады.

Құрметті сот, мен қылмыс жасаған жоқпын. Мен өз міндетімді атқардым. Дәрігерлерге дер кезінде ескертіп, сәбидің өлі екеніне көз жеткіздім. 30 жыл бойы бұл мамандығымды адал атқардым, мен де анамын. Бұл айыптаумен келіспеймін, құрметті сот, әділ шешім шығаруыңызды өтінемін», - дейді Құлбатырова.

«ЗАҢДЫ БҰЗҒАН ЖОҚПЫН, АДАЛ ЕҢБЕК ЕТТІМ»

Содан кейін келесі негізгі сотталушы – облыстық перинаталды орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВТЫҢ кезегі келді. Ол айыптаудың бірде-бір тармағын жібермей, жеке басына тоқталып, ұзақ сөйледі.

- Мен неге бұл мамандықты таңдадым, өйткені әкем - дәрігер. Мен зиялы отбасында өстім, әке жолымен жүруді ұйғардым. Санкт-Петербургте дәрігерлікке оқып жүргенде, ол жаққа ота жасатуға Қазақстан азаматшасы келді. Сол кезде отаны бастауға бұйрық берген хирург маған: «Өз адамдарыңызға операция жасау қолдарыңыздан келмейді», - деді. Сол сөз маған қатты тиді, сол кезде мен «Өз халқыма осындай операциялар жасауды үйреніп, жасайтын боламын» деп өзіме сөз бердім. Құдайға шүкір, үйреніп алдым, акушерия мен гинекологияда қажет болатын бүкіл операцияны жасауды білемін. Гиппократ антын бұзған жоқпын, бірақ қазір бізге осындай ауыр айып тағылып отыр... Мен қазір дәрігер болғаныма және көп әйелге, сәбилерге көмектескеніме, олардың өмірін арашалап қалу үшін тәуліктеп күрескеніме өкінемін, - деді Нысанбаев.

Оның айтуынша, тергеу барысында онымен бірде-бір эпизод бойынша бірде-бір беттестіру жасамаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісі Асқарбек Ермұқашев айтқандай, ол беттестіруден бас тартпаған.

 

Нысанбаев айыптаудың бірде-бір тармағы бойынша жеткілікті дәлел ұсынылған жоқ деп есептейді. Негізгі дәлелдің бірі – Нысанбаев пен Асқар Қайыржанның сол түні телефон арқылы сөйлескен әңгімесінің аудиожазбасы. Ол осы жайтқа қатысты былай деді:

- Мемлекеттік айыптау мен бұқаралық ақпарат құралдары ізді жасыру үшін сәбиді суға салуға кеңес берді деп жазып жатыр. Бірақ шын мәнінде, сол күні кеште достарыммен саунада болған едім, саунада жанымда болған адамға суға қатысты бірдеңе айттым. Әңгімеде біз Тұрымбетованың сәбиі туралы айттық деп растайды. Ал сіздер сол туралы айтқанымызды дәлелдеңіздер. Филологиялық сараптама ол жерде бұйрық болмағанын көрсетіп отыр.

Роза Молдағалиеваның жаңа туған нәрестесіне қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану (деректерді бұрмалау) бойынша тағылған айыпқа қатысты:

- Мен бұған қатысты ешқандай нұсқау берген жоқпын, өйткені ол кезде жұмыста емес едім. Исатай Шыңғыс 2019 жылы 14 қыркүйекте диагнозын көрсетіп, қорытындыда Роза Молдағалиеваның шаранасында антенатальды өлім (жатырішілік даму кезеңінде, яғни, босанғанға дейін – А.С. ) болғанын жазды. 10 күн өткеннен кейін ол маған қоңырау шалды. Мен оған сырқатнамаға қарап, өзгерту керектігін айттым. Мен одан неге сол күні қоңырау шалмадыңыз деп сұрадым. Ол сотта: «Білмеймін, Нысанбаев деректерді өзгерту қажеттігі туралы ештеңе айтқан жоқ, мен бұл мәселені емдеу жөніндегі орынбасары Ермағамбетовпен шештім.  

Сөз соңында Нысанбаев істі Бас прокуратураның қайта қарағанын қалайтынын мәлімдеп, соттан әділ шешім шығаруды өтінді:

- Менің Елбасыдан, Тоқаевтан, Бас прокурордан өтінерім – іс жүргізуші прокурордың менен бірде-бір жауап алмағанын, мен үшін 20 жыл жаза сұрайтынын алдын ала білгенін көрсін, оқысын. Мен айыптау актісін әлі күнге оқып, қай жерде кінәлі екенімді түсіне алмай келемін. Жәмила да, Асқар да, мен де – ешқайсымыз мұны жасаған жоқпыз. Президентке, халыққа айтарым – мен заңды бұзған жоқпын, адал жұмыс істедім, егер мүмкіндік берсе, әлі де адал жұмыс істей беремін.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары