$ 494.87  520.65  4.91

Айтыскер ақын Мұхтар Ниязов «Алтын домбыра» иегері атанды

Осылайша ол үшінші рет «Алтын домбыра» иегері атанып отыр.
Фото: inform. kz
Фото: inform. kz

Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен «Абай тағылымы – Тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айтыс – қазақ руханиятының алтын қазынасы, мәдени мұрасы. Ғасырдан ғасырға, атадан балаға және заманнан заманға ұласып келе жатқан асыл мұра, өз бойына өнердің бірнеше түрін қамтыған жанр ретінде жас ақын-жыршылардың тәжірибе мектебі. сы киелі мұраны насихаттап, талантты жастарымыздың шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі аталмыш республикалық ақындар айтысын өткізді.

3-4 қараша күндері айтыстың іріктеу кезеңіне қатысқан 10 жұптың, яғни 20 ақынның өнерін тамашалап, қазылар алқасының шешіміне сәйкес жартылай финалға 8 ақын (4 жұп) өткен болатын. Айтыстың ақтық мәресіне халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпаздары, «Алтын домбыра» иегерлері Мұхтар Ниязов, Серік Қуанған, Еркебұлан Қайназар, Жансая Мусина, Мейірбек Сұлтанхан, Қазырет Бердіхан, Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев қатысты.

Жыр додасында бас жүлдеге Сыр сүлейі Мұхтар Ниязов ие болды. Осылайша ол үшінші рет «Алтын домбыра» иегері атанып отыр. Одан бөлек I орын Бекарыс Шойбековке бұйырып, ол «Айтыстың ақтаңгері» төсбелгісімен марапатталды. II орын Еркебұлан Қайназаров алса, III орыннан Серік Қуанған көрінді.

Аталған дүбірлі доданы әділқазы алқасына көрнекті өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, «Отан», «Құрмет», «Қазақстанның Еңбек Ері» ордендерінің иегері Асанәлі Әшімов төрағалық етті. Айтысты Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының Төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.

Әлемде және елімізде орын алған эпидемиологиялық ахуалға орай, республикалық айтыс түсірілімі көрермендерсіз өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары