Алматыда жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан 19 жасар қызды қағып, оқиға орнынан ізін суытқан «Лексус» көлігінің жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды «Қазақпарат» қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Қайғылы оқиға шілденің 22-сінде орын алған. «Lexus-LX 570» автокөлігі жаяу жүргіншілер жолында өтіп бара жатқан 19 жасар қызды қағып кетті. Жедел ауруханаға жеткізілген қыз таң ата көз жұмды.
― Оқиға орнында болған куәгерлердің айтуынша, жүргізуші көлігімен жүйткіген күйінше өте шыққан. Адамдар тек қара джипті көрдік дейді. Жедел шаралардың арқасында көліктің маркасын, тіркеу нөмірін анықтауға мүмкіндік туды. Бірнеше сағаттан соң жүргізуші ұсталды. Ол көлігін жасыруға әрекеттенген. Бірақ, қазір көлік заттық айғақ ретінде іске тіркелді, ― деді қалалық ІІД анықтау бөлімінің басшысы Рустам Әбдрахманов.
66 жастағы ер адамның көлікті мас күйінде айдағаны анықталды. Кейін белгілі болғандай, бұл азамат бұрын да ішімдік ішіп көлік айдағаны үшін әкімшілік жазаға тартылған екен.
― 2010 жылы осыған ұқсас әрекеті үшін Алматы ауданаралық әкімшілік соты оны 2 жылға көлік жүргізу құқығынан айырған. Дәл қазір ҚР ҚК 296 бабының 2 тармағы, 297 бабы, 119 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, ― деді Рустам Әбдрахманов.