2010 жылы болған соңғы жалпыресейлік халық санағының дерегіне сәйкес, Ресейде 648 мың этникалық қазақ тұрады. Бұл – Ресей халқының 0,45 пайызы. Қазақтар Ресейдегі негізгі этностар тізімінің ондығына енген, деп жазады kaztag.kz.
Қазақтар түркі халықтары арасында татар, башқұрт, чуваштардан кейінгі 4-орында.
Шекаралық аудандардағы қазақтардың үлесі жоғарырақ. Мәселен, Астрахань облысында 149 мың қазақ (халық санының 16,79%-ы), Орынбор облысында – 120 мың (5,91%), Омбы облысында – 78 мың (3,96%), Саратов облысында – 76 мың (3,01%), Алтай республикасында – 12,5 мың қазақ (6,07%) тұрады.
Қазақстанмен шекаралас аудандардың кейбірінде қазақтардың үлесі тұрғындардың жартысынан асады. Астрахань облысы Володар муниципалдық ауданының 68,2 пайызы қазақтар, Саратов облысындағы Александрово-Гайский ауданында 53,9 пайыз, Алтай республикасындағы Кош-Агачский ауданында тұрғындардың 53,6 пайызы қазақтар.