$ 446.49  475.38  4.79

Астанадағы Мейрамовтар отбасының үйі ақыры сүрілді

Бүгін кешкілік Facebook әлеуметтік желісінде Астана орталығындағы Әділбек Мейрамовтың үйін сүріп жатқан фото жарияланды деп жазады Азаттық.

Мейрамовтың өзі Азаттыққа бүгін отбасымен Астананың оңтүстік-шығысындағы аудандардың біріне үш бөлмелі пәтерге көшкенін хабарлады. Оның айтуынша, пәтерді "қала әкімінің қатысуымен демеушілер берген".
Мейрамов басқа да қосымша ақпараттарды алдағы уақытта айтуға уәде берді.

24 маусымда Мейрамовтар отбасын Астананың орталығындағы жеке меншік үйінен шығаруға келген сот орындаушылары бес сағаттан астам уақыт бойы талпынғанымен, еш нәтиже шығара алмаған еді. Үйді ішінен жауып алған отағасы Әділбек Мейрамов егер үйге бөтен адам жақындайтын болса қолындағы газ баллонын жарып жіберетінін ескертіп, баллонға қоса сіріңке, тамызық газет ұстап, баспанасына сот орындаушыларын кіргізбей қойған.

Терезеден басын шығарып тұрған ол «үйде үш жас баласы бар» екенін айтып, қала әкімі Әсет Исекешевпен кездесуді және өзіне төленетін өтемақы мәселесін шешу үшін арнайы комиссия құруды талап еткен болатын.

Сот бұған дейін Мейрамовтардың жері "мемлекетке қажет" болғандықтан үйін сүру туралы шешім шығарған. Әділбек Мейрамовтың сөзінше, сот отбасына екі миллион 60 мың теңге көлемінде ғана "әділетсіз өтемақы" тағайындаған. Ол бұл сомаға басқа үй сатып ала алмайтынын айтады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары