Францияның Ницца қаласында орын алған лаңкестік оқиға салдарынан қаза тапқандар саны уақыт санап артып отыр. Қазірге дейін 73 адамның көз жұмғаны белгілі. Жараланғандар саны 100-ге жуық.
Кеше Францияда Бастилияны алу күні еді. Лаңкестік шабуыл айтулы мерекені атап өтуге жиналған халыққа бағытталды. Жүк көлігіне мінген содыр алдымен адамдарды басып, 100 метрдей жер жүріп өткен. Кейін көлігінен түсіп, қашып бара жатқан адамдарға оқ жаудырыпты. Полицейлер оның көлігінен жарылғыш заттар тапқанын хабарлап отыр.
Ницца халқы мен қонақтары мерекелік отшашуды тамашалап тұрған. Тоңғазытқыш-көлік оларға қарай бет алған кезде бәрі жүргізуші тізгінге ие бола алмай қалды деп ойлаған көрінеді. Алайда, қарудың дыбысы естілгенде мұның лаңкестік шабуыл екенін ұғыпты.
Куәгерлердің бірі айтқандай, лаңкес барынша көп адамды көлігімен басуға әрекеттеніпті. Қазір қала билігі тұрғындарға үйден шықпауын сұрап отыр. Өйткені, теракт тағы қайталануы мүмкін.
Айта кетейік, Франция астанасы Парижде осыдан 8 ай бұрын да ірі лаңкестік оқиғалар орын алған болатын. Ол кезде 130 адам қаза тауып, 352-сі жараланған еді.