ҚР Ішкі істер министрлігі Алматыдағы қарулы қақтығыстан 3 полицей мен 1 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, күдіктілердің бірі ұсталған. Ол 27 жастағы Қызылорда облысының тұрғыны дейді аталған ведомствоның баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қанды оқиға бүгін таңертеңгі сағат 11 шамасында орын алды. Алмалы АІІБ ғимаратына шабуыл жасаған қарақшылар полицейлерге оқ атып, қаруларын иемденген.
«Күдіктіні ұстау барысында ол тәртіп сақшыларынан тартып алған қаруды қолданып, екі полицейді жаралады. Алайда, күштік құрылым өкілдері оны «Қазақконцерт» АҚ ғимаратының маңында қолға түсірген. Ұстау операциясы барысында ол дене жарақатын алды», - делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Белгілі болғандай, содырлардың бірі қарулы қақтығыс кезінде бейбіт тұрғындардың бірінің көлігін алып қоймақ болып, оны атып өлтірген. Сонымен қатар, 7 полицейдің ауыр жараланғаны да белгілі.
Қазіргі таңда Алматыда антитеррорлық операция жалғасып жатыр.