Алматы қалалық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдап жатқан тағы бір полиция қызметкері көз жұмды. Ол кеше қалада орын алған лаңкестіктен жарақат алғандардың бірі болатын.
"Бүгін сағат 13:45-те жансақтау бөлімінде жатқан мамандандырылған жол-патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция лейтенанты 25.07.1986 жылы туған Тимур Бегасылов қайтыс болды. Ол оқиға болар сәтте Абылай хан даңғылында қызметін атқарып тұрған. Руслан Куликбаевтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қоймақ болған Тимур Бегасыловқа оқ тиіп, ол жансақтау бөліміне аса ауыр халде жеткізілді. Дәрігерлер соңғы сәтке дейін оның өмірі үшін барын салып күресті", - делінген полицелер таратқан хабарламада.
Айта кетейік, Тимур Бегасылов ішкі істер органдары қатарына 2015 жылдан бастап жұмысқа кірген.