Қашағанды игеріп жатқан «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» мен «Аджип» компаниялары қоршаған ортаға зиян келтіргендері үшін 134 млрд теңге айыппұл төлейді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Кеше өткен кассациялық сот жергілікті экологтардың пайдасына осындай шешім шығарды.
Аталған екі компанияның экологиялық талаптарды өрескел бұзғанын былтыр Атырау облысының экология департаменті анықтаған болатын.
«Қашағандағы «Д» жасанды аралынан Атырау іргесіндегі «Болашақ» зауытына дейін тартылған құбырдан ақау шығып, салдарынан 3 миллион текшеметр газ ауада жанған. Осы деректерді алға тартқан экологтар келген шығынды 134 миллиард теңгеге бағалап, оны өндіріп алу үшін қос компанияның үстінен сотқа арыз түсірген-ді. Алпауыт компаниялар алғашқы соттарда да жеңіліс тауып, ақыры арыздарын Кассациялық алқаға берген. Дегенмен олар да алдыңғы шешімді күшінде қалдырып отыр», делінген телеарна сюжетінде.