Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында 17 жастағы Әйгерім Оспанбекованың өліміне қатысты екінші сот отырысы өтті деп жазады TVK. Естеріңізге салайық, биыл 10 мамыр күні Сарыағаштан Шымкентке қарай жолға шыққан бойжеткен қалаға жетпей із-түссіз жоғалған болатын. Араға бірнеше күн салып оның мәйіті жол бойынан табылды. Полицейлер күдікті ретінде такси жүргізушісін ұстаған. Алайда, ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.
Сот отырысында күдікті Әлішер Арғынбаевтың сыныптасы куәгер ретінде түсініктеме берді. Өйткені, марқұм Әйгерім Оспанбекованың өлер алдында сөйлескен ұялы телефоны сол жігіттен табылған. Ол аталған байланыс құралын белгісіз біреуден сатып алғанын айтып, ант-су ішіп отыр. Ал, екінші куәгер ретінде сөйлеген Әйгерімнің құрбысы қылмысқа такси жүргізушісі Арғынбаевтың тікелей қатысы бар екеніне сенімді. Өйткені, оқиға болар алдында Әйгерім осы құрбысымен байланысқа шыққан. Ол өзінің таксиде келе жатқанын, жүргізушіден қорқып отырғанын WhatsApp мессенджері арқылы жазып жіберіпті.
«Мен онымен күндізгі сағат төртте сөйлестім. Ол жүргізушінің күдік тудырып келе жатқанын жазды. Музыка дауысының тым жоғары болғандығынан сөйлесе алмадық. Кешкі алтылар шамасында тағы сөйлестік. Ол қалаға кіріп келе жатқандарын айтты. Артынша қоңырау соқтым, алайда, жауап берген жоқ»,- деді куәгер судьяға берген жауабында.
Ал, басты күдіктінің өзі болса тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарып отыр. Айтуынша, дәл сол күні Сарыағаштан Қазығұрт ауданына дейін тағы үш ер азаматты тасымалдаған. Ал, тергеу кезінде қылмысты мойындауына полицейлердің күш қолдануы себеп болған көрінеді.
Прокурорлардың айғағы құлаққа қонымдырақ. Олардың айтуынша, Әлішер Арғынбаевтың көлігінің салонынан қайтыс болған қыздың қан іздері табылған. Сондай-ақ, екеуінің ұялы телефондарынан шыққан белгі олардың бастан-аяқ бір бағытта қозғалғандарын көрсетіп отыр.