Ақтөбе облысындағы алтын шығаратын зауыттың кеншілері бір күн бойы жұмысқа шықпай қойды. Олар шахтаға түсуден бас тартып, жалақыларының көтерілуін талап етті, деп хабарлайды КТК арнасы.
Айтуларынша, соңғы бес жылда айлықтарына бір тиын да қосылмаған. «Осы күнге дейін еңбегіміз еленбеді» деп ашынады кеншілер.
Таңнан қара кешке дейін жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде «Алтынды» кен орны басшылары жалақыны көтеруге келісті. Бірақ жұмысшылар сұрағандай елу пайызға көбейтілмейді.
«Алтынды» кен орнының айналасы жым-жырт. Әдетті ерсілі-қарсы жүретін көліктер де көрінбейді. Таң атысымен кеншілер шахтаға кіруден бас тартып, жұмысты толық тоқтатып тастаған. Үскірік аяз бен боранға қарамастан талаптарын айту үшін таңнан бері қақпа алдында жиналып тұр. Жалақыны елу пайзға көтермейінше, алтын іздеуге жер астына түспейміз деп бекініпті.
«Біз бүгіннен бастап жұмысқа шықпай тұрмыз. Юбилейный қаласы, Алтынекс компаниясы. Талабымыз – айлық, жалақыны көтерткізу. Елу пайызға көтерсе, жұмысқа шығамыз деп талап етіп тұрмыз. Менің орташа айлығым 110 мың», - деді шахтер Айбек Бисенбин.
«Алтынды» кен орны Мұғалжар тауының баурайында орналасқан. Мұнда 600-ден аса жұмысшы еңбек етеді. Соңғы бес жылда мұндағылардың айлығына бір тиын да қосылмаған. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін кеншілер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған. Әсіресе, оңтүстік пен солтүстік аймақтың тұрғындары көп. Олар айналдырған 100 теңге жалақымыз жол-пұлымыздан артылмайды деп отыр.
«Оңтүстік Қазақстаннан келіп 100 мыңға істеп жатырмыз. Шахтада істеп жүрміз. Менің еңбекақым 80 мың. Сыйақысымен 100 мыңға шығады. Шахтада істеген қиын ғой. Шахтаның асты болғаннан кейін белгілі нәрсе, бәріне қауіпті. 100 мыңға бала-шағама бола істеп жүрмін, амал жоқ», - деді шахтер Болат Дүзепов.
«Алтынды» кен орнындағы жұмысшылардың жалақысы 100-200 мың теңге арасы. Шахтаға иелік етіп отырған «AltynEх» компаниясының басшылары кеншілер талабын әзір толық орындай алмаймыз деп отыр. Алтын қазып отырса да, айлықты елу пайызға көтеруге акционерлік қоғамның қалтасы көтермейді деп ақталады.
«Жалақыны жыл басында он пайызға көтермекшіміз. Оны компанияның бюджетінде де қарастырып қойған едік. Ал жылдың келер жартысында тағы он пайызғы айлықты көтеруді жоспарлаған болатынбыз. Бірден елу пайызға көтеруге компанияның мүмкіндігі жоқ. Экономикалық тұрғыдан пайда әкелмейді», - деді «AltynEх» АҚ директоры Орман Түзелбаев.
Кеншілерді райынан қайтармақ болып Акционерлік қоғамның басшылары мен Мұғалжар ауданы әкімдігінің өкілдері жиналған.
Таңнан бері бірнеше рет жиналыс өткізіп, тек кешқұрым ғана бір мәмілеге келді. Акционерлер жұмысшылар жалақысын бірден 25 пайызға көтеріп, кеншілердің вахтадағы жұмыс уақытын жеңілдетуге келісіпті. Енді олар бұрынғыдай бір ай емес, он бес күннен жұмыс істейді.