Танымал әнші Еркеш Шәкеевтің ұлы Сафар Шәкеевті іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Алматы қалалық ІІД өкілдерінің хабарлауынша, іздеу жұмыстарына тікұшақтар жұмылдырылған.
"Сафар Шәкеевті іздеу үшін тікұшақ аспанға көтерілетін болады. Тікұшаққа бірнеше бейнекамера орнатылмақ. Ол Алматы облысының үстімен ұшып, Есентай өзенімен байланысатын өзен-көлдердің бәрін бақылап шығады. Мұнан кейін бейнекамераға жазылған таспа толық тексеріліп, мамандар бағасын береді", - дейді Алматы қалалық ІІД Криминалды полиция басқармасының басшысы Жанболат Зиядин.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, Сафарды іздеуге бүгінде 200-ден астам адам жұмылдырылған. Таулы аймақтарды іздеуде жергілікті тұрғындар полицейлерге жылқы бергені туралы бұған дейін айтылған болатын. Қазір атқа мінген бес полицей Бағанашыл мен Ремизовка аумағын іздестіріп жатыр.
Естеріңізге салайық, Сафар Шәкеев 16 шілде күні таңғы сағат жетілер шамасында достарымен отырыстан шығып, үйіне қарай жалғыз беттеген. Мұнан кейін оны ешкім көрмепті.