Алматыдағы «Алтын бесік» шағынауданының тұрғындары әкімдікке наразылығын білдіру үшін көшеге шықты. Олардың айтуынша, өздері серуендеп келген 1 гектар жер жекенің қолына өтіп кеткен. Мұнда енді 9 қабатты жатақхана салынады.
Шағынауданда мектеп пен балабақша жоқ. Балалар қатынап оқиды. Ал, аталған жер теліміне тұрғындар балабақша мен спорт алаңқайын салып беруді сұрап, әкімдікке бірнеше рет өтініш жазған екен. Алайда, құлақ асқан ешкім болмапты.
«Бізге балабақша, стадион, мектеп керек деп айтып та, жазып та келеміз. Студенттердің қамын ойласа кішкентай балалардың, тұрғындардың қамын неге ойламайды? Қала билігі бізге мүлдем құлақ апсайды. Жатақхана тұрғызуға біз қарсымыз. Бұл – коммерциялық жоба, студенттер тегін тұрмайды, ақы төлейді. Технологиялық университет қайда, біздің «Алтын бесік» қайда?! Не мектеп жоқ, не балабақша жоқ, бәрі балаларын алысқа тасиды, қиналып жүр. Қаншама мемлекеттік бағдаралма қабылданып жатыр, оның бәрінен біз қалыс қалдық. Мыңдаған тұрғынға ортақ алақандай алаңды халықпен ақылдаспай қалайша сатып жіберген? Кім рұқсат берді? Біз 2008 жылдан бері жазып келеміз, халыққа шын жаны ашыса сол уақыттан бері неге мектеп, балабақша, спорт алаңдарын салып бермеді?» - деді Сәулет Батырбекова есімді жергілікті тұрғын.
Тұрғындардың айтуынша, Қалақаманға қазақтардың алды тәуелсіздік жылдары қоныстана бастаған. Алматының жанына жақындаған жұртқа сол кезде Елбасының өзі баспана тұрғызуға рұқсат берген. Ал, жекеге өткен 91 соттық жерді осындағы жұрт балалардың ойын алаңы ретінде қолданып келген екен.
«Бұл жерді Алматыда үйсіз-күйсіз жүрген адамдарға сол тоқсаныншы жылдардың басында Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бергізген. Бас жоспар бойынша бұл жер осындағы мәдени, әлеуметтік нысандарға арналған. Оны енді бізге айтпай, сыртымыздан сатып жіберген. Енді келіп бізге бұл шешіліп қойған мәселе деп отыр. Халық қарсы, біз 8 желтоқсанда ғана осы жердің басқаға кетіп қалғанын естідік. Мұнда Семей полигонынан зардап шеккендер, Арал апат аймағынан келген және Желтоқсан құрбандары, олардың отбасылары тұрады. Сағынтаев неге халықтың наразы екеніне құлақ аспайды? Әуезов ауданында он әкім ауысты, олардың біреуі де осында келген емес. Егер жатақхана салынса ауыл адамдарының, қарттардың, мүгедектердің таза ауаға шығып, демалатын жері қалмайды. Әуелі біздің әлеуметтік мәселелерімізді шешіп берсін. Жер мемлекеттің меншігі дейді, мемлекет деген халық. Халықпен санассын», - деді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосанов.
Тұрғындардың сөзінше, жатақхана Алматы технологиялық университетінің студенттері үшін де қолайсыз болмақ. «Алтын бесік» ауылы оқу орнынан өте алыс. Әрі жастар топтасқан жер шулы болғандықтан тұрғындардың да тыныштығы қашады. Жобалық сметалық құжат бойынша университет 500 студентке арналған 9 қабатты ғимарат салмақ.
«Біз қала әкімі Сағынтаевқа үш рет хат жолдадық. Олар кездесулерінде халықтытң пікірін тыңдап барып шешім шығармыз деп айтады. Алайда, ол тек сөз жүзінде, іс жүзінде орындалмай жатыр. Халықпен санасып жатқан жоқ. Алдымен әлеуметтік проблеманы шешсін», - деді Әуезов ауданының тұрғыны Шаймерден Жолдасқанұлы.
Дауға ұласқан жерді университеттің басшылары Алматы әлеуметтік кәсіпкерлік корпороциясы арқылы алған. Ал оларға бос жатқан жердің бар екенін Әуезов ауданының әкімдігі ұсынған. Алматы техникалық университетінің ректораты болса құрылыс жұмыстарын жүргізуге қалқамандықтардың «қарсы емес» екенін тіркеп, құжатты мемлекеттік сараптамаға жіберген. Нұр-Сұлтан қаласынан бекітілетін құжатқа «келісімін берген» 11 тұрғынның ғана қолы қойылыпты. Үш шағынаудадағы ондаған мың халықтың атынан қойылған қолды көрген халық ашуланып, биліктің тұрғындарды қолдан оппозицияға айналдырып жатқаны айтты.
«Жатақхана туралы жоспарымызды қалалық әкімдікке 2018 жылы білдіргенбіз. Бұл жерді ұзақ мерзімге жалға алдық. Осында жердің бар екенін Әуезов ауданының әкімдігі айтып, ұсынды. Жобалық сметалық құжат қазір мемлекеттік сараптамадан өту үстінде. Біз тұрғындардың әлеуметтік жағдайын өз міндетімізге алып, жатақхананың қасынан жанастыра шағын спорт алаңын, балалар алаңын саламыз. Былтыр 8 желтоқсанда осында қоғамдық тыңдау өткен. «Алтын бесік» шағын ауданының біраз адамы қатысқан, олардың өздері келісетінін айтып, қол қойып берген, барылғы 11 адам», - деді Алматы техникалық университетінің проректоры Қалтай Батқолдин.
Хаттамаға қарсы шыққан тұрғындардың пікірі енбегенін, келісімін берген басқа жақтың адамдары екенін де ашулы жұр бірден анықтады. Бір гектарға жуық жерді иемденген университет әкімшілігі оның 50 соттығына жатақхана тұрғызса, қалған 41 соттығына жаздық спорт алаңын, балалар серуендейтін орталық салмақ екен. Алайда, әкімдік пен университет өкілдерінің сөздеріне халық иланбады. Карантинге қарамай балаларымен бірге жиналған ашулы жұрт ресми мекеменің өкілдері студенттерге арналған спорттық жобаларды енді аяқ астынан халық қолданатын орын ретінде көрсетіп, мақсаттарына жетпек деп санайды.