Елордада бойжеткен қыз үшін жанжалдасқан жігіттер үйдің ауласында қарумен атысқан. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлімдеді.
«24 қаңтарда 102 пультіне түнгі сағат 1:09 шамасында 19 және 23 жастағы екі ер адам атыс қаруынан алған жарақатпен қалалық ауруханаға жеткізілгені туралы мәлімет келіп түсті. Осыған дейін өзара таныс адамдар арасында қыз үшін төбелес болғаны, соның салдарынан қару қолданылғаны анықталды», - делінген полиция мәліметінде.
Белгілі болғандай, аталған жанжалға қатысқан барлық адамдар ұсталып, «Байқоңыр» ауданы полиция басқармасына жеткізілді. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.