$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте жоғалып кеткен егіз балалар табылмай жатыр

17 жасар Асан, Үсен Садықовтар үйінен шығып, қайта келмеген деп жазады KTK. Зіңгіттей егіз жігіт бала күнінен ауыратындықтан, өз әрекеттеріне жауап та бере алмайды екен. Соңғы мәрте екі ай бұрын жоғалған оларды 10 күннен соң анасы шалғай ауданнан тауып алыпты. Ол кезде егіздердің өзі Бәйдібек ауданына біреулердің қой бақтыру үшін әдейі алып кеткенін айтқан. Енді жақын туысы жоқ мүгедек анасы көршісімен бірге көше кезіп, екі баласын іздеп жүр.

Гүлмира Садықованың көше жағалап, алдынан жолыққан әр адамға егіздердің суретін көрсетіп жүргеніне төрт күннен асты. Жүйке ауруымен ауыратын ұлдардың тілінде де мүкісі бар екен. Анасы онсыз да жарымжан балалары енді көше кезіп жүріп бір жаманшылыққа ұшырап қала ма деп қорқады.

Гүлмираның қорқатынындай-ақ бар. Соңғы мәрте жоғалған кезінде он күннен соң анасы ұлдарын Шымкенттен 100 шақырым жердегі Шаян ауылынан тауыпты. Ал ұлдары өздерін базбіреулер қорқытып көлікке салып, қой бақтырғанын айтқан. Құлдықтан қашып шығып, сандалып жүрген жерінен кездейсоқ кісілер анасына хабар беріпті. Әр алты ай сайын тиісті ауруханада емделуі керек егіздерді былтырдан бері жүйке ауруларымен сырқат жандарды жатқызуы тиіс мекемеде орын жоқ деген сылтаумен қабылдамай қойған.

Өзі де екінші топтың мүгедегі Гүлмира кәмелет жасқа жетіп қалса да не оқып-жазуды білмейтін, дәрісін де дер кезінде қабылдамай жүрген ұлдарымды таппайынша нәр татпаймын дейді. Ал кешеден ғана қозғалып жатқан полицейлер Асан мен Үсеннің таяу арада табылатынына сенімді.

Бақытжан Атегов, Әл Фараби аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

-Үш айдың ішінде егіздің анасы 8 рет бізбен хабарласқан. 8 ретте табылды. Үйіне аман есен қайтарылды. Қазір тағы бізге 102 арқылы хабарласты. Сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз қазір. Сенімдіміз табыларына. Көрген-білген адамдар бар.

Полицейлердің айтқаны келіп егіздер табылса, Гүлмира енді оларды мүлдем көзден таса қылмаймын деп отыр. 16 жасқа дейін жүйке ауруымен ауыратындарға арналған интернатта оқыған ұлдарын үнемі орын жоқ деп қайтаратын арнайы емдеу мекемесіне жатқызу үшін шенеуніктерден көмек те сұрайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары