Оқиға 1 тамыз күні Шымкенттегі Суриков көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің ауласында орын алған. Тәртіп сақшылары ондаған адамның көзінше 17 жастағы бозбаланы өлімші етіп сабапты. Бұл туралы жергілікті TVK телеарнасы хабарлады.
Куәгерлер жасөспірімді төрт адамның жабылып ұрғанын айтады. Полицей формасын кимегендіктен оларды алғашқыда бұзақылар деп ойлаған. Оқиға орнына дереу тәртіп сақшылары шақырылыпты. Алайда, артынша белгілі болғаны, бұл төртеуі арнайы тапсырма орындап жүрген полицейлер екен.
«Азаматтық киім киген төрт адам бір баланы жабылып ұрды. Сөйтсек, олар ұстау операциясын жүргізген екен. Бәрі полиция қызметкерлері. Соққыға жығылған баланың жағдайы нашарлап кетті. Жедел жәрдем де бір сағаттан кейін келді. Аулаға жиналған полицейлерде есеп жоқ, шамамен қырық шақты. Біз қарап тұрғаннан басқа ешнәрсе істей алмадық»,- дейді осы үйлердің бірінде тұратын Әбдімәжит Ашурметов.
Өзге кугерлердің айтуынша, жасөспірімнің басы бетонға соғылған көрінеді. Содан басы жарылған. Оқиғаға куә болған кішкентай балалар шошып та қалған екен.
Дәрігерлердің көмегінен бас тартқан баланы туған-туыстары алып кетті дейді жедел жәрдем қызметінің мамандары. Ал, кейбір деректерге сүйенсек, полицейлер жасөспірімді шын күдіктімен шатастырып алған көрінеді.