$ 443.35  475.54  4.82

Мақтаралдағы қақтығыс кезінде дүкен, 2 қора және автокөлік өртеніп, 34 адам ұсталды

Кеше ОҚО Мақтарал ауданындағы тәжіктері көп шоғырланған Сейфуллин ауылында жаппай төбелес орын алғанын хабарлаған болатынбыз. Жастардың қақтығысына себеп болған жайт - 7 жасар қызға 15 жастағы жасөспірімнің зәбір көрсетуі еді. Қызды сол замат тексерген дәрігерлер оның зорланбағанын айтты. Ал, төбелес салдарынан үш адам дене жарақаттарын алған деп хабарлады ОҚО ІІД баспасөз қызметі.

Ал, бүгін - 2 шілдеде аудандағы екі елдімекенде бұзақылық фактілері тағы тіркеліп отыр. Бұл жолы белгісіз ер азамат Мұратбаев ауылының тұрғынына тиесілі дүкенді өртеп жіберген. Полицейлер күдікті ретінде көрші Асықата ауылының 30 жастағы тұрғынын ұстап, қамауға алды.

Сонымен қатар, ауданға қарасты Дихан ауылында екі бірдей қораға өрт қойылған. Салдарынан үйдің ауласында тұрған «Газель» автокөлігі жанып кетті. Қазіргі таңда ішкі істер органдары бұл іске қатысы бар тұлғаларды іздеу үстінде.

Аудандағы жағдайды тұрақтандыру үшін ІІМ-де жедел штаб құрылып, оқиға орнына Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары мен ОҚО әкімі келген. Олар халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Құқыққа қарсы іс-әрекеттердің жолын кесу мақсатында жүргізілген рейдтік шаралар барысында Мақтарал ауданының 34 тұрғыны ІІБ-на жеткізіліп, 7 таяқ және 5 литрлік бензин құйылған ыдыс тәркіленген. Олардың құқықбұзушылық әрекеттерге қатысы бар-жоқтығы анықталуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары