Бахрейнде жезөкшелік құлдыққа түскен қазақстандық қыздар елге қайтарылды деп жазады Tengrinews.kz ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақовқа сілтеме жасап.
"Бұл қыздар біздің дипломаттардың атсалысуымен ол елден шығарылды. Бүгін барлығы Қазақстанға оралды, олар Қазақстанда", - деді Жайнақов.
Айта кетейік, шілде айының соңында қазақстандық үш бойжеткеннің Бахрейнде жезөкшелік құлдыққа салынғаны туралы ақпарат тараған болатын. Қыздарды Оңтүстік Қазақстандағы қылмыстық топ елден шығарып жіберген.
"Бізге үш қыздың ата-анасы хабарласып, өз қыздарының Бахрейнде құлдықта жезөкше болып жүргенін айтты. Біз бұл ақпаратты құқық қорғау органдарына тапсырдық. Олар қыздардың мекен-жайын анықтаумен айналысты. Жеңгетайлар мен қыздар бір жерден екінші жерге жиі қоныс ауыстырғандықтан, оларды табу оңайға соққан жоқ", - дейді Қазақстанның Сауд Арабиясы мен Бахрейндегі елшісі Бақыт Батыршаев.