$ 494.87  520.65  4.91

Шымкенттің экс-бас сәулетшісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Антикор қызметкерлері Байымбетов 2019 жылдың ақпан-тамыз айларында мердігермен алдын ала сөз байласып, бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікке ілінген.
Фото:  yujanka.kz
Фото: yujanka.kz

Шымкенттің бұрынғы бас сәулетшісі Жеңіс Байымбетов жарты миллиард теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы vera.kz басылымы мен "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Бұрынғы шенеунікке және оның серіктесіне ауыр қылмыстық іс бойынша үкім 26 қаңтарда әл-Фараби аудандық сотында жарияланды. Мегаполистің бас сәулетшісі 2020 жылдың маусымында ұсталды.

Антикор қызметкерлері Байымбетов 2019 жылдың ақпан-тамыз айларында мердігермен алдын ала сөз байласып, бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікке ілінген. Былтыр қазан айында іс сотқа жолданды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің материалдары бойынша Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Байымбетов пен "ИнвестСтройПроект ЛТД" ЖШС директоры Айтбаев қаланың топографиялық түсірілім жұмыстарын мемлекеттік сатып алу кезінде 498 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын ұрлаған.

Компания жоспар құра отырып, Шымкенттің құрылыс салынған аумақтарында жерасты және жерүсті коммуникацияларының топографиялық түсірілімін жүргізуге тиіс болды.

Іс жүзінде құжаттар одан әрі пайдалануға жарамсыз болып шықты, өйткені онда жағдай бұрмаланған. Бірнеше айдан кейін кәсіпкер қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған, ал бұрынғы шенеунік жер учаскесін алған. Ол сәулетшінің туысының атына рәсімделген. Біраз уақыттан кейін осы учаскеде құрылыс басталды. Сот үкімімен бұл учаске және сот қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынды деп есептеген басқа мүлік тәркіленді.

Бұрынғы шенеунік Қылмыстық кодекстің "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету" және "Қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру" баптары бойынша кінәлі деп танылды.

"Ж. Байымбетов қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтей отырып, мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырылып, 10 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталды. А. Айтбаев "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету" бабы бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айыру, материалдық жауапкершілікке байланысты қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға айыру, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде жазасын өтеу түріндегі жазаға тартылды", - деп хабарлады Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталғандар айыппен келіспей, сот үкіміне шағымданбақ. Шымкент қаласының әкімдігі қалалық бюджеттен ұрланған ақшаны әзірге қайтара алмады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары