Танымал продюсер Баян Есентаеваның күйеуі тергеу абақтысында 10 қыркүйекке дейін отырады. Сот оның қамау мерзімін осылайша тағы бір айға созып отыр. Бұл туралы Талғар аудандық соты кеңсесінің жетекшісі Асқар Қалмақбаев айтты деп жазады Tengrinews.kz.
Бақытбек Есентаев бүгінде Талғар ауданындағы тергеу абақтысында жатыр. Оның мерзімін судья Ільяс Мұхамедиұлы созған.
Естеріңізге салайық, биыл 10 маусым күні Баян Есентаева аса ауыр халде Талғардың орталық ауруханасына түскен болатын. Іс-сапардан келген оны күйеуі күтіп алып, жолда өлімші етіп сабаған және бірнеше рет пышақтаған. Ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжалға қыздары араласқан соң ғана Б.Есентаев әйелін ұруды тоқтатыпты. Дәрігерлер Баянға бірнеше операция жасағаннан кейін ғана ол есін жиып, өзіне келді.
Полицейлер күдікті Есентаевты қамауға алып, оның үстінен кісі өлтіруге оқталу дерегі бойынша іс қозғады. Өзіне тағылған кінәні ол толықтай мойындап отыр.