$ 494.87  520.65  4.91

«Кейбір мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық көбейіп кетті» - Алик Шпекбаев

Оның ойынша, заңнан бөлек моральдық қағидаларды да ұстану қажет.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев өзі басқарып отырған ведомствода бірінші басшының жауапкершілігі барынша күшейтілетінін мәлімдеді. Қол астындағы қызметкері жемқорлық жасағаны үшін ұсталса, ондай басшы бірден жұмыстан кетеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазіргі заңнамада қол астындағы қызметкердің жемқорлық әрекеті үшін бірінші басшының жауапкершілігі заңмен бекітілген. Алайда осы уақытқа дейін 6 саяси қызметкер ғана отставкаға кетті.

Агенттік төрағасының айтуынша, отставкаға арыз беру және жұмыстан кету екі бөлек нәрсе болып шыққан. Басшылардың барлығы бірдей қол астындағы қызметкерінің жемқорлық әрекеттері үшін жұмыстан кетіп жатқан жоқ. Содан халық арасында наразылық күшейеді.  

"Ал кейбір мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық көбейіп кетті. Бірақ бірде-бір басшы өз еркімен жұмыстан кеткен жоқ. Ескерту жасалып, сөгіс беріледі. Бірақ нәтиже жоқ. Оны халық та көріп отыр", - деді Шпекбаев агенттіктің алқа отырысында.

Оның ойынша, заңнан бөлек моральдық қағидаларды да ұстану қажет. Осыған байланысты агенттік өз ішінде жаңа әрі маңызды бастаманы қолға алды.

"Біз ортақ бір шешімге келдік. Егер агенттік қызметкері бір рет жемқорлық жасаса, оның тікелей басшысы автоматты түрде қызметінен босатылады", - деп атап өтті Шпекбаев.

Алайда басшы өз бастамасымен сол жемқорлық әрекетін анықтап, алдын алу шарасын қолға алса, онда ол жұмыстан қуылмайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары